Су басқан елдімекендер: Қазақстандағы жағдай қандай?

Жарияланды (жаңартылды )
су басу, су тасқыны
Су басқан елдімекендер: Қазақстандағы жағдай қандай? / Қорғаныс министрлігі

Қазақстанның біршама өңірін еріген қар мен тасыған өзен суы басты. Халық апатты аймақтардан эвакуацияланып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің су басуға қатысты кейінгі ақпараттарын ұсынамыз.

Абай облысында 12 ауланы су басты

Абай облысының Жарма ауданында еріген қар су Үшбиік ауылының екі шеткі көшесін басып қалды.

Барлығы 12 аула су астында қалды. Оның ішінде екі басты үйдің 9 пәтеріне су кірді (4 пәтер тұрғын емес).

Қазіргі уақытта су деңгейінің 40 см-ге төмендеуі байқалады. Сондай-ақ 4 пәтерден су шығарылды.

Көкшетау қаласында өзен тасыды

Көкшетауда өзен тасып, 8 жеке үй, 28 жеке аула аумағы және 7 көпқабатты тұрғын үй ауласын су басты.

Қазіргі уақытта жағалауды нығайту жұмыстары жүріп жатыр. 150 метр жер нығайтылды, 280 тонна инертті материал құйылды. 110 м каналдар мен арықтар кеңейтілді және тереңдетілді. Еріген судың 1000 текше метден астамы сорылды.

ТЖД, АГЗ, ЖАО және ПД күштерімен 260 адам және 90-ға жуық техника су айдап жатыр.

БҚО-да 400-ге жуық адам эвакуацияланды

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында су тасқынынан 400-ге жуық адам құтқарылып жатыр.

27 наурыз күні Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Қоржын ауылы су астында қалды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге тікұшақпен елдімекенге барды.

Облыс әкімі ауыл халқына мемлекет көмек беретінін айтты.

«Баршаларыңызды сабырға шақырамын. Табиғи апат салдарынан облыстың бірнеше ауданы зардап шегіп отыр. Сіздерге келген шығын бойынша арнайы комиссия құрылады. Келтірілген залалдың бәрі есептеледі. Мемлекет көмек береді. Қазір сіздерді төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірге су тасқынынан құтқаруға келдік. Тікұшақпен баршаңызды аудан орталығы Қаратөбеге, қауіпсіз жерге жеткіземіз», – деді облыс әкімі.

Қостанай облысында 45 адам құтқарылды

Қостанай облысының Жангелдин және Амангелді аудандарында ТЖД күштері 45 адамды құтқарды. Оның 23-і бала.

Ал облысқа кіретін Арқалық қаласында су тасқынына қарсы жұмыс жүріп жатыр. Северный елдімекенінің шамамен 75%-ынан су айдалды.

Ақтөбе облысында 498 122 текше метр су сорылды

Ақтөбе облысында 21 наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін жалпы 498 122 текше метр су сорылды. 40 735 дана қап төселді, 4 817 тонна инертті материалдар жеткізілді.

Су басу аймағынан 831 адам эвакуацияланды, оның 376-сы – бала. Олар уақытша пунктерде және туыстарының үйінде жатыр. Сондай-ақ 129 бас ірі қара эвакуацияланды.

Мұндай жұмыстарға жеке құрамның 1800-ге жуық адамы және 500-ден астам техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, еліміздің өңірлерін су басып жатыр. ҚазАвтоЖол республикалық жолдардағы қозғалысты шектеу туралы шұғыл ақпарат таратты.

Ақпарат бойынша,  «Қарағанды-Аягөз-Боғаз», «Самара-Шымкент», «Астана-Қабанбай батыр-Нұра-Теміртау» республикалық автожолдардың белгілі бір шақырымдарында қозғалыс шектелді.

Оралда көшелерді су басып, қала әкімі Миржан Сатқанов жергілікті төтенше жағдай жариялады

«Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанованың 2024 жылғы 26 наурыздағы қаулысы бойынша, қалада жергілікті табиғи төтенше жағдай жарияланды», – делінген хабарламада.

Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандарды еріген қар суы басты. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.

Абай облысының Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жариялады. Оған себеп, су тасқыны кезінде көпір шайылып құлаған. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр. Бұл жайды Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аягөз ауданында жергілікті маңызы бар «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпірдің жол төсемі шайылып кетті. Қазіргі уақытта көпір арқылы көлік қатынасы тоқтатылған. Сонымен қатар, басқа айналма көлік жолдары арқылы елді мекенмен байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен бірге қазіргі таңда әкімдік пен жергілікті құтқарушылар суға кеткен үш адамды іздестіріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз