Сауда министрлігі Қазақстан экспорттайтын үздік 5 тауарды атады

Жарияланды
Қазақстан экспорттайтын үздік тауарлар ішінде металл өнімдері көш бастап тұр / Фото: kursiv.media

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстан экспорттайтын үздік тауар түрлерін атады.

Вице-министр экспортқа шығарылатын топ-5 тауарға қандай отандық өнімдер кіретінін айтты. Сөзінше, металл өнімдері шет елдерге экспортталатын тауарлар ішінде көш бастап тұр.

«Бұл, әрине, металдар – түсті және қара, олар алғашқы бестікті қамтиды. Астыққа келетін болсақ, біз әлемдегі ең ірі астық өндірушілердің біріміз, бірақ ол Қазақстанның экспортында маңызды рөл атқармайды. Металл халықаралық әдістеме бойынша қайта өңделген өнім болып саналады», – деді вице-министр.

Айта кетейік  Қазақстан үкіметі сирек және жерде сирек кездесетін металл өндірісін дамытуға 11,8 млрд теңге бөлмек. Бұл туралы «Сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында» жазылған.

«Жобаны іске асыру үшін жоспарланған шығын көлемі республикалық бюджеттен 11,79 млрд теңгені құрайды. Тиісті бюджеттік өтінімдер заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне жіберілетін болады», – делінген жоба түсіндірмесінде.

Сирек және сирек жер металдары – әлемдік экономиканың жетекші салалары талап ететін шикізат түрі. Олардың қатарында отқа төзімді сирек металдар (цирконий, гафний, ванадий, ниобий, тантал, молибден, вольфрам, титан), сирек жеңіл металдар (литий, рубидий, цезий, бериллий), сирек шашыраңқы металдар (галлий, индий, таллий, германий, гафний, селен, теллур, рений, рубидий); сирек жер металдары (скандий, иттрий, лантан және лантанид) бар.

Бұндай металдар «жасыл» энергетикаға көшу, цифрлық технологияларды, қорғаныс, аэроғарыш, медициналық және басқа да жоғары технологиялық бағыттарды дамыту үшін қажет. Research Center консалтингтік компаниясының болжамы бойынша, 2023-2035 жылдары сирек кездесетін металдардың жаһандық нарығының орташа жылдық өсу қарқыны 8% құрайды. Сонымен қатар, алдағы онжылдықтарда сұраныс үсыныстан асып кетуі ықтимал,

Қазақстанның жер қойнауында вольфрам, молибден, бериллий, цирконий, гафний, ниобий, тантал, висмут, литий, цезий және рений сияқты сирек металл қоры, сондай-ақ иттрий, лантан, церий, празеодим, неодим, самарий, еуропий, гадолиний сынды сирек жер металдары шоғырланған. Қазіргі уақытта 600-ге жуық кен орны мен СМ және СЖМ көріністері анықталған.

Айта кетейік Қазақстан негізінен металлургия және химия өнімдерін экспорттайды: мыс және катодты мыс, ферроқорытпалар, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш пен алюминий, ыстықтай прокатталған жайпақ өнімдер, табиғи газ.

Сондай-ақ оқыңыз