Елімізде мопед жүргізушілеріне талап күшейеді. Оларға жүргізуші куәлігін алу міндеттеледі. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.
Вице-министр бұл мәселе бойынша қазіргі уақытта түзетулердің екінші пакеті пысықталып жатқанын жеткізді. Олар қабылданғаннан кейін түбегейлі өзгерістер болады.
«Қозғалтқыш көлеміне қарамастан мопедтердің барлығы көлік түріне жатқызылады. Оларды жүргізу үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу және 16 жастан асуы керек. Осыдан кейін мопедтердің барлығын тіркеп, есепке қоямыз», – деді Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Министр орынбасарының сөзінше осы көлік түрін басқаратындарға іс жүзінде ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Сондықтан оларды анықтау қиын. Сондай-ақ вице-министр бұл мәселе бойынша әкімдерге қосымша өкілеттілік берілетінін айтты. Әкімдіктер жақын арада скутерлерге қатысты қосымша ережелерді, оның ішінде оларды пайдалану уақыты мен орнына шектеу қою құқығына ие болады.
«Түзетулер пакетінде тағы бір өте маңызды норма бар. Енді әкімдерде самокаттарға қатысты реттеу өкілеттігіне ие болады. Яғни олар өздерінің қосымша ережелерін бекіте алады. Аталған көлікпен қайда өтуге болатынын, олардың қозғалысына қай уақытта шектеуқою керек екенін белгілейді. Мысалы, жексенбі күні саябақтарда серуендеп жүрген адамдар көбейгенде, саябақтарда самокаттардың қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Жаңа талаптарды енгізуді кім ұсынды?
Игорь Лепеха бұл ұсынысты Ішкі істер министрлігінің өзі бастамашылық еткенін және мопед жүргізушілерінің, әсіресе Алматы мен Астанада жол қозғалысы ережелерін бұзуы салдарынан жол-көлік оқиғасының саны артқанын мәлімдеді.
«Мәселе күрделі, мопедтерді тіркеу, мемлекеттік нөмірлік белгілер мен жүргізуші куәлігі мәселесі бойынша Мәжіліске ұсыныс енгізілді. Депутаттар бізді қолдайды ма, жоқ па, біз білмейміз. Мәселені депутаттармен талқылаймыз,», – деді Лепеха.
Мопед жүргізушілері жол ережесін қаншалықты жиі бұзады?
Министрдің орынбасары қыркүйек-қазан (толық екі ай емес) айында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 5 мыңнан астам мопед жүргізушісі жауапқа тартылғанын айтты. Оның 271 -і жаяу жүргіншіге соғылғаны үшін, 110- ы жол қозғалысы ережелерін қайта бұзғаны үшін, 214- і кәмелетке толмағандардың мопедін басқарғаны үшін, 20 – сы алкогольдік немесе есірткілік жағдайда мопедті басқарғаны үшін айыппұл арқалады.
Айта кетейік, ІІМ бастамасы қозғалтқыш көлемі 50 см3-тен аз мопедтерге қатысты. Өйткені олар заңнамаға сәйкес көлік құралдары деп танылмайды және тіркеуді қажет етпейді.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр 30 тамыздан бастап электрсамокаттарды пайдаланудың жаңа ережелері күшіне енген еді.
Бұған дейін Кәмелекте толмағандардың электросамокат тебуіне тыйым салынатыны туралы жазған едік.