«Крокус Сити Холлдағы» қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанда сауда орталықтары мен концерт залдарының қауіпсіздігі тексеріледі

Жарияланды
Сауда орталықтары мен концерт залдары осал нысан ба? / коллаж kursiv.media

Еліміздегі барлық сауда орталықтары мен концерт залдары тексеріледі. Қазақстан билігі Ресейдегі «Крокус Сити Холлда» болған шабуылдан кейін осындай шешім шығарды. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха көрші елдегі жағдайдан соң елімізде қандай қауіпсіздік шаралары жасалатынын түсіндіріп берді.

Игорь Лепеха Қазақстандағы аумағы 500 шаршы метрден асатын барлық ірі сауда орталықтары мен концерттік залдар, білім беру, денсаулық сақтау және халық көп шоғырланатын орындар терроризмге осал объектілер санатына жататынын мәлімдеді.

 «Бүгінгі таңда біз осы нысандардың барлығын қосымша тексеру үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұрын тексерген нысандарды, нұсқау берілген аумақтарға бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Осы санатқа жататын тексерілмеген ғимараттарға барып тиісті жұмыстар жүргіземіз.  Басқа да нысандарға кем дегенде, қожайындарымен барып сөйлесіп, техникалық нығайту мәселесін қарастыратын боламыз. Ұсыныстар береміз,  бұл тұрғыда жұмыс атқарылып жатыр», – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр қазақстандықтарға осындай жағдайда өзін қалай ұстау керек екені туралы айтып берді.

«Мұндай жағдайда қандай да бір ұсынымдар беру қиын. Өйткені айталық, бұрын-соңды болмаған факт болса, үрейленбеу, жасырыну, мүмкіндігінше оқиға болған жерден кетіп қалу керек. Егер сізде тиісті құзырет болмаса онда батырлық танытудың қажеті жоқ. Біз сондай-ақ ол жерде не болғанын, қалай болғанын, алдымен бағамдап, жағдайға қарай әрекет етеміз. Түрлі жағдай болады, анығы дүрбелеңге салынбай, оқиға орынынан мүмкіндігінше тезірек кету керек», – деп толықтырды ол.

 Вице-министр елімізде осы мәселені алдын-алу шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті.  Соның бірі  – 1 қаңтардан бастап елге келген шетелдіктердің саусақ іздерін міндетті түрде алу тәртібі. Жыл басынан бері жүзеге асқан бұл жұмыстың арқасында Қазақстан аумағына өтпек болған 10 қылмыскер ұсталған.

Еске салайық 22-наурызда Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында атыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырған. 25 наурызда Крокус Сити Холлдағы терактіде қаза тапқандар саны 139 адамға жеткені хабарланған.
Сол күні Крокустағы лаңкестік іс бойынша төрт айыпталушыны қамауға алуға рұқсат етілгені белгілі болды. Олар өз кінәларын мойындады. Кейінірек тағы үш күдіктінің ұсталғаны белгілі болды: әкесі мен екі ұлы. 26 наурызда сегізінші күдіктіге айып тағылып, 22 мамырға дейін қамауға алынды. Бүгінгі таңда Crocus City Hall залында қаза тапқандар саны 143 адамға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз