Сарапшылар жыл басынан бері бюджет кірісінің жоспары орындалмағанына алаңдаулы

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
бюджет
Республикалық бюджет кірісі алаңдатады. Фото: kursiv.media

Экономист Ғалымжан Айтқазин Қазақстан бюджетінің 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы атқарылуы алаңдатанын айтады. Өйткені бюджетке түсетін түсімдер тек 81 пайызға орындалған.

Қаржы министрлігінің екі айдағы жедел ақпаратына сүйенсек, республикалық бюджеттің жалпы кірісі 2,99 трлн теңгені құраған. Оның 1,85 трлн теңгесі – салық түсімдері. Экономист жоспар бойынша, екі айда бюжетке жалпы 3,6 трл теңге кіріс кіріп, соның ішінде 2,2 трлн теңге салық түсуі тиіс болғанына назар аударады. Яғни бюджеттің кірісі бөлігі тек 81,7 пайызға орындалған. Қаңтар-ақпан айларында бюджет кірісі 18,3 пайызға кем қалыптасқан.

Есесіне осы кезеңде бюджеттен шығын жоспарланған көлемде шыққан. Бюджет шығысының орындалу көрсеткіші 98,1%-ды құрайды. Екі айда бюджетттен 3,66 трлн теңге шығыс шыққан.

Жыл басында республикалық бюджетке Ұлттық қордан 1,09 трлн теңге трансферт бөлінген. Бұл осы кезеңде түскен салық түсімдерінің 59 пайызына тең.

Сарапшы ел бюджетіне қосымша құн салығы мен корпоративті табыс салығы жоспардан кем түскеніне назар аударады. ҚҚС бойынша жоспар 84,7 пайызға орындалып, екі айда 907 млрд теңге түскен. Ал КТС-ға қатысты жоспар 75,5% орындалып, қазынаға 515 млрд теңге түсіпті.

«Қаңтар-ақпан айларындағы жергілікті бюджеттің атқарылуы әлдеқайда жақсы, тіпті артығымен орындалғанын да айта кеткен жөн. Мәселен, жалпы түсімдер 2,15 трлн теңгені (кезеңдік жоспардың 128,4%), ал салық түсімдері 1,24 трлн теңгені (кезеңдік жоспардың 153,5%) құрады. Бұл ретте алғашқы екі айдағы салық түсімдері бойынша жергілікті бюджет қаржы жылының жоспарын 21 пайызға орындады», – деп жазады экономист.

Салық түсімдерінің аздығы қазірден көңілді күпті етеді. Айтқазин үкіметтің былтыр бюджет жыртығын жамау үшін қандай қадамға барып, Ұлттық қордан қалай қаржы алғанын еске салады. 2023 жылы қазан-қараша айларында үкімет Ұлттық қордың 1,3 трлн теңгесіне «ҚазМұнайГаз» АҚ акцияларын сатып алды.

Сол кезде Қаржы министрлігі өз түсініктемесінде «ҚМГ бағалы қағаздарын Ұлттық қор ақшасы есебінен сатып алу 2023 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігін орындауға мүмкіндік береді» деген болатын. Өйткені былтыр ірі кәсіпорындардан түсетін салық азайып, бюджет кірісі қысқарған.

Десе де экономист бұл жағдай жаңа Салық кодексі қабылданған соң, жақсарады деп үміттенеді. Өйткен үкімен еш негізі жоқ салық жеңілдіктерін қысқартуды жоспарлап отыр.

2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанның шоғырландырылған бюджеті кірісінің өсімі шығысының өсімінен артта қалған. Сондықтан үкімет сырттан қарыз ( 5,5 триллион теңгеге дейін) және Ұлттық қордан қайта-қайта қаржы алуға мәжбүр болды.

Сондай-ақ оқыңыз