25 мамырдан кейін букмекерлік кеңселер мемлекетке бәс тігушілер туралы ақпарат беруге міндеттеледі

Жарияланды
25 мамырдан кейін букмекерлік кеңселер мемлекетке бәс тігушілер туралы ақпарат беруге міндеттеледі / коллаж kursiv.media

2024 жылдың 25 мамырынан кейін тотализаторлар мен букмекерлік кеңселер бәс тігуші азаматтарға қатысты ақпарат беруге міндеттеледі.

Қаржы министрінің 28 ақпанда жарияланған бұйрығына сәйкес, тотализаторлар мен букмекерлік кеңселер ақпаратты Мемлекеттік кіріс органдарына беріп отыруы қажет. Бұйрық жариялағаннан кейін 60 күннен кейін, яғни 26 мамырда күшіне енеді.

Бәс тігушілер туралы мемлекетке берілуі тиіс мәліметтер:

  • Жеке тұлғаның ЖСН;
  • ойын бизнесін ұйымдастырушының азаматтан алған сомасы, оның алған күні мен уақыты;
  • жеке тұлғаның ұтқан/ұтылған сомасы, күні мен уақыты.

Осыған дейін аппараттық-бағдарламалық кешендерін интеграциялау тәртібі «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарында белгіленген тәртіппен реттелетінін жазған едік.

Ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдан бері Қазақстандағы букмекерлік кеңселер саны 2 есе, 38 ден 16 – ға дейін қысқарған. Ал, іс жүзінде жұмыс істейтіндері – 12.

«Букмекерлік кеңселердің санын азайту үшін Мәдениет және спорт министрлігі түсіндіру жұмысын жүргізуде. Мысалы, соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен тапсырған», – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің қатысуымен ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы заңнамаға 62 түзетуді, ілеспе нормативтік-құқықтық актілерді көздейтін 3 заң жобасы әзірленді.

Жарнамаға тыйым салу

Букмекерлік кеңселер мен казиноның жарнамасына толық тыйым салынуы қажет екендігі туралы заң жобасы жайлы жазған едік. Ал ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Осындай талап қойған Мәжіліс депутаттары «Ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев келтірген дерекке сүйенсек,  2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастағанын алға тартты.

Сондай-ақ оқыңыз