Алматы Экология департаменті 1,8 млрд теңге салынған инвестициялық жобаға лицензия беруді кешіктірген

Жарияланды (жаңартылды )
shutterstock
Алматы Экология департаменті 1,8 млрд теңге салынған инвестициялық жобаға лицензия беруді кешіктірген / shutterstock

Алматы қаласының Экология департаменті 1,8 млрд теңге инвестиция салынған инновациялық органикалық қоспаларды өндіру жобасына лицензия беруді ұзақ уақытқа созған.

«Алматы қаласында «Black Biotechnology» ЖШС «AL KARAL» брендімен мал шаруашылығына арналған инновациялық органикалық жем-шөп қоспаларын және өсімдік шаруашылығына арналған тыңайтқыштарды өндірумен айналысады. Бұл жобаны іске асыруға инвестор 1,8 млрд теңге салынған», – дейді Алматы қаласының прокуратурасы.

Алайда инвестордың Алматы қаласы бойынша Экология департаментіне бірнеше рет жүгінгеніне қарамастан, инвестор белгіленген қызмет бойынша қорытындыны уақтылы ала алмаған.

Экология департаментінің лицензияның кешіктіруі салдарынан 130 адамды жұмыспен қамту кейінге қалдырылып келген.

Прокуратура ұйымдастырған инвестор мен Департамент өкілдерінің қатысуымен өткен кеңестен кейін ғана бұл мәселені шешуге мүмкіндік туған. Қазіргі уақытта инвестор лицензия алып, инвестициялық жобаны жүзеге асыра бастаған.

Осыған дейін Алматы полициясы ҚазҰУ студенттерінің жеке деректерінің таралуы бойынша сотқа дейінгі тексеруді бастаған жазған едік.

Алматы прокуратурасының нұсқауымен дербес деректерді тарату бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады. Кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«2024 жылдың 14 ақпанында Бостандық ауданының полиция басқармасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і студенттерінің медициналық құпияны құрайтын жеке деректер мен мәліметтерді тарату фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 147-бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу)», – делінген Алматы қаласының прокуратурасының хабарламасында.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында барлық қажетті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Алматы прокуратурасы аграрлық университетте 44 млн теңге жымқырылғанын анықтағанын жазған едік.

«Алматы қаласының прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тексеру қорытындысы бойынша жалған тұқым себу және егіс алқаптарын өңдеу арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады. Келтірілген шығын 43,8 млн теңгені құрайды, тергеуді Алматы қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізуде», – делінген баспасөз хабарламасында.

Прокуратураның хабарлауынша тағы бір жағдайда университетке тиесілі 7,9 миллион теңгеге коммерциялық үй-жайларды жалға беру кезінде алаяқтық фактілері де анықталған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Медеу ауданының полиция бөліміне тапсырылған.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қазіргі құрылтайшысы әрі ректоры – Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы. Оған дейін бұл оқу орнын Назарбаевтың қайын атасы – Тілектес Есполов басқарған. Бұл оқу орнын ол 21 жылдан соң, яғни 2022 жылы ғана босатқан. Алайда Алматы прокуратурасы жариялаған ақпаратта қай ректордың кезінде ақша жымқырылғаны нақты жазылмаған.

Сондай-ақ оқыңыз