Қазақстанның 6 облысында республикалық маңызы бар автожолдар жабылды

Жарияланды
Су тасқынына байланысты
Қазақстанның 6 облысында республикалық маңызы бар автожолдар жабылды / ТЖМ

Қазақстанда ауа райының қолайсыздығы мен су басу қаупіне 6 облыста республикалық маңызы бар 11 автожол жабылып қалды.

ҚазАвтожол ақпаратына сүйенсек, 29 наурыз күні Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстарында жол жабылған. Атап айтқанда:

  • Абай облысында еріген судың толуына байланысты жалпы ұзындығы 329 километр болатын 2 автожол: Аягөз қаласы-Бұғаз кенті арасындағы және Қалбатау кенті-Көкпекті кенті арасындағы көлік қозғалысы шектелген.
  • Ақтөбе облысында еріген судың толуына және көпірге жақындау мүмкін болмауына байланысты жалпы ұзындығы 1093 километр болатын 3 автожол: Қандыағаш және Ембі шекарасы, Қарабұтақ кенті-Қызылорда облысының шекарасы, Қарабұтақ кенті-Қостанай облысының шекарасы арасындағы көлік қозғалысы шектелген.
  • Батыс Қазақстан облысында еріген судың толуына байланысты жалпы ұзындығы 260 километр 1 автожол: Жымпиты кентінің учаскесі-Ақтөбе облысының шекарасында көлік қозғалысы шектелген.
  • Қарағанды облысында еріген судың толуына байланысты жалпы ұзындығы 38 километр болатын 2 автожол: Алғабас-Ақмешіт кенттері, Красная поляна кентінің учаскесі-Құлайғыр кенті арасындағы көлік қозғалысы шектелген.
  • Қостанай облысында еріген судың толуына байланысты жалпы ұзындығы 161 километр болатын 2 автожол: Ақтөбе облысы мен Денисовка кенті шекарасының учаскесі, Мариновка ауылына кіреберісінде көлік қозғалысы шектелген.
  • Қызылорда облысында Ақтөбе облысында жолдың жабылуына байланысты жалпы ұзындығы 117 километр 1 автожол: Ақтөбе облысы мен Арал шекарасында көлік қозғалысы шектелген.

Айта кетейік, ҚазАвтоЖол республикалық жолдардағы қозғалысты шектеу туралы шұғыл ақпарат таратқан. 28 ақпанда елде 4 облыста жол жабылған еді. 2024 жылғы 28 наурызда сағат 20:30 шамасында еріген судың көп мөлшерінен және көлік құралдарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін «Қарағанды-Аягөз-Боғаз» республикалық авто жолының 707-шақырымынан 941-шақырымына (Аягөз қаласынан Боғаз ауылына) дейінгі аралықта барлық көлік құралының түрі үшін қозғалысқа шектеу қойылды.

Еске салайық, еліміздің өңірлерін су басып жатыр. Су басқан елдімекендерден 400 астам адам эвакуацияланды

«Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының су басқан елдімекендерінен 412 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 134 бала бар», – делінген ТЖМ хабарламасында

Құтқарушылар мен әкімдік өкілдерінің күшімен 122 мыңнан астам текше метр еріген су сорылды. 24 мыңнан астам қап және 47 670 тонна инертті материал төселді.

Сондай-ақ оқыңыз