250 млрд теңге инвестиция салынады: 2027 жылдан бастап, «Қорғас – Шығыс қақпасында» жаңа әуе айлағы жұмыс істей бастайды

Жарияланды
Инвесторы привлекут 250 млрд тенге на строительство грузопассажирского аэропорта
«Қорғас – Шығыс қақпасы» аймағында әуе айлағын Германия инвесторлары салады / Коллаж: kursiv.media

«Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағында заманауи әуе айлағы салынады. Бұл жайлы Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жобаға байланысты Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Германия инвесторларымен кездесу өткізген.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сәйкес «SKYHANSA» ЖШС бұл жобаға 250 миллиард теңге инвестиция тартуды көздеп отыр. Сонымен бірге үш кезеңде жүзеге асырылатын қазақ-герман жобасы барысында жаңа 700 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Әуе айлағының жүк сыйымдылығы 50 мың тоннаны құрайды. Ал жолаушылар терминалының өткізу қабілеті сағатына 500 адамға дейін жетеді деп күтілуде. Жалпы «Қорғас – Шығыс қақпасы» аймағында 800 млрд теңгеден асатын жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл жайлы жиында облыс басшысы айтты.

«Бүгінгі таңда «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағының бірыңғай реестрінде жалпы құны 800 миллиард теңгеден асатын жобалар бар. 56 қатысушы тіркелген. АЭА негізгі элементтерінің бірі «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты. Бұл теңіз логистикалық тораптарының баламасы саналады. Оның ауданы 103 га құрайды. Орталық Азиядағы ең ірі құрғақ порт және Қазақстандағы жеке теміржол инфрақұрылымы бар жалғыз терминал. АЭА аумағында инвесторлар, оның ішінде шетелдіктер үшін өзіндік тарифтері, жеңілдіктері мен преференциялары бар екенін атап өткім келеді. АЭА қатысушыларының саны жыл сайын артып келеді және оның аумағында халықаралық жүк-жолаушы әуежайының ашылуы транзиттік әлеуетті дамытуға оң әсерін тигізеді», – деді Исабаев.

Өз кезегінде «SKYMAX TEHNOLOGIES» компаниялар тобының бас директоры Ерік Шортанбаев жобаға неміс серіктестері – The Hansa Consortium компаниясы инвестиция салатынын жеткізді. Компания басшысының айтуынша, халықаралық жүк-жолаушы әуежайының құрылысынан бөлек аймақта барлық қажетті инфрақұрылым салынады. Жоба барысында қонақүй, сауда және ойын-сауық орталығын пайдалануға беру жоспарланған. Жоба құрылысы 2032 жылға дейін толығымен аяқталады деп күтілуде. Ал әуежай өз жұмысын 2027 жылы бастайды деп жоспарланып отыр.

«Жобаның бірінші кезеңінде әуежайдың барлық негізгі инфрақұрылымын салу жоспарлануда. Ал 1-ші және 3-ші кезеңде біз қосымша инфрақұрылым құрылысын аяқтаймыз, жолаушылар терминалының сыйымдылығын, жүк және жанармай қоймаларының сыйымдылығын кеңейтеміз. Сондай-ақ инвесторлар сауда, туризм, сондай-ақ тамақтану және орналастыру қызметтерінің ауқымын кеңейтіп, дамытуға ниетті. Айтпақшы, ұшақ заманауи Jet A-1 жанармайын пайдаланатын болады»,- деді Шортанбаев.

Облыс басшысы Бейбіт Исабаев компанияға жобаны жүзеге асыру үшін қажетті мемлекеттік қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Айта кетсек, The Hansa Consortium компаниясы Ақтөбенің жаңа әуежайына да инвестиция салуға ниетті. Бұл жайлы өткен жылы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев айтқан болатын. Инвесторлар бұл жобаға 500 млн доллар инвестиция салуды көздеп отыр.

Инвестициялық ұсыныс ретінде компания Ақтөбе әуежайы базасында өңірлік мультимодальды хаб, авиациялық техникалық орталық құруды, жолаушылар мен жүк ағындарының көлемін айтарлықтай арттыруды, жаңа жұмыс орындарын ашуды ұсынады.

Сондай-ақ оқыңыз