Су тасқынынан келген зардап шығынын жергілікті атқару органдары заңда белгіленген тәртіппен өтейді. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Курсивке» берген жауабында айтылған.
Өтемақы қандай жағдайда төленеді?
Министрліктің хабарлауынша табиғи төтенше жағдайда зардап шеккен халыққа Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен зардап шеккендердің ең аз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шектерде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көзделген жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражаты есебінен және ұйымдардың, азаматтардың, қорлардың және т.б. заңда рұқсат етілген ерікті жарналар есебінен өтеледі.
Шығынды өтеу Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Яғни заңнама бойынша жылжымайтын мүлікке жатқызылмаған уақытша ғимараттарға, тұрмыстық және өзге де ғимараттарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге өтемақы берілмейді. Сонымен бірге өтемақы бағалы киім-кешектерге, сән-салтанат бұйымдарына, металдардан жасалған немесе бағалы металдардан жасалған бұйымдарға, көркемдік құндылық объектілеріне төленбейді. Егер олар төтенше жағдайлардан сақтандырылған болса, мүлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен, сақтандырушының қаражаты есебінен өтелуге жатады.
Шығынды өтеу шарттары
Қағидаларға сәйкес шығындар төмендегі алгоритмдер бойынша өтеледі.
Материалдық зиян шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органға материалдық залалдың орнын толтыру туралы өтініш береді. Келтiрiлген зиянды өтеу туралы өтiнiшке зардап шеккен адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi қосымша берілуі керек. Егер табиғи төтенше жағдайдың салдарынан мұндай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда ішкі істер органдары берген уақытша жеке куәлік көшірмесін ұсынуы керек. Сонымен бірге табиғи төтенше жағдай туындаған кезден бастап немесе төтенше жағдайды жою кезінде зардап шегушінің жоғалған және бүлінген мүлкінің тізбесі өтінішпен қосымша берілуі керек.
Өтініштер мен құжаттарды тіркеуді жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады. Олар жәбірленушіге құжаттардың қабылданғанын растайтын қолхат бере отырып, материалдық зиянды өтеу туралы өтініштерді журналға тіркейді. Осыдан соң материалдық зиянды өтеу туралы өтінішті жергілікті атқарушы орган он бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Бағалау жұмыстары қанша күнге созылады?
Жергілікті атқарушы орган өтініш тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде келтірген зиянның мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Бұл ретте бағалауды ұйымдастыруға байланысты шығыстарды жергілікті атқарушы орган көтереді. Мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін анықтау жәбірленуші мен бағалаушының қатысуымен жүзеге асырылады.
- Келтірілген залал мөлшерін бағалауды ұйымдастыру мынадай кезеңдерден тұрады:
- жәбірленуші бағалаушыны таңдайды;
- жәбірленушінің келісімі бойынша бағалау жүргізу уақыты мен орны анықталады;
- жәбірленушіні бағалау актісімен таныстыру.
Келтірілген зиянды өтеу мөлшері бүлінген мүлікті қалпына келтіруге қажетті шығындарды және мүліктің бүлінуіне байланысты шығындар жоғалған мүліктің нарықтық бағалар бойынша және жергілікті жердегі бағалар құнын негізге ала отырып айқындалады. Зақымдалған мүлікті қалпына келтіруге жұмсалған шығындар оны қалпына келтіруге кеткен шығындардың сметасы немесе есебімен расталады. Егер мүлікті қалпына келтіру техникалық мүмкін болмаса, немесе экономикалық тұрғыдан негізсіз болса, ол жойылған болып есептеледі. Егер мүлiктi қалпына келтiруге кететін шығындар залал келтiрiлген күнi оның нарықтық құнының сексен пайызынан асса, мүлiктi қалпына келтiру экономикалық негiзделмеген болып саналады.
Бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін жергілікті атқарушы орган үш жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және қаланың бюджетін атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген қаражатты бөлу туралы шешім қабылдайды.
Жәбірленушілерге төлем тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізіледі. Даулар туындаған жағдайда зиянды өтеу мәселелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешіледі.
Қандай өңірлерде Төтенше жағдай жарияланды?
Еске сала кетсек, қарғын судың еруі салдарынан көптеген елді мекендерді су басты. Бүгін Көкшетеу қаласында Төтенше жағдай жарияланды. Оған себеп Қылшақты өзеніндегі су деңгейі көтерілген.
«Күрделі су тасқыны жағдайына байланысты тұрғындарымыздың өмір сүру жағдайлары бұзылды. Жағдайды тұрақтандыру үшін Көкшетауда ТЖ режимін жариялау туралы шешім қабылданды, оның шеңберінде барлық залал бағаланып, оларды өтеу жөніндегі мәселелер комиссиялық түрде шешілетін болады. Тасқан су салдарды жою жөніндегі штаб құрылды, су басу аймағында тұратын тұрғындарды эвакуациялау жүргізілуде»,- делінген әкімдік хабарламасында.
Одан бөлек Батыс Қазақстан облысында 455 үйді қарғын су басып қалған. Құтқарушылар тұрғындарды қайық және тікұшақпен эвакуациялап жатыр.
Ал 27 наурызда Орал көшелерін қарғын су басып қалған соң, қала әкімі төтенше жағдай жариялады. Айта кетейік, Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандар су астында қалған. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.
Абай облысының Аягөз ауданында да төтенше жағдай енгізілді. Аягөз ауданындағы «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейі көтерілді. Салдарынан су көпірдің жол төсемін шайып кеткен. Сонымен бірге үш адам суға кеткен.
28 наурызда Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жанкелді аудандарында төтенше жағдай енгізілді. Құтқарушылар Жангелдин және Амангелді аудандарында 45 адамды құтқарған.
Ақтөбе облысының Қобда ауданында да жағдай мәз емес. Қарғалы өзіне тасып, жағалай салынған үйлерді су басып қалған. Сондықтан бұл ауданда да төтенше жағдай енгізілді.
Бұған дейін ҚазАвтожол еліміздің 6 облысында республикалық маңызы бар автожолдар жабылғанын хабарлады.