Қазақстанда үй жануарларына байланысты тағы да бір заң жобасы Мәжіліс қарауына түсті

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстандықтардың асырап отырған ит пен мысығынан бас тартуына тыйым салынуы мүмкін / Фото: kursiv.media

Қазақстандықтарға асырап отырған ит пен мысығынан бас тартуға тыйым салынуы мүмкін. Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң жобасына енгізілген түзетулер қаралды.

Заң жобасын таныстырған Самат Мұсабаев бұралқы иттер және қараусыз қалған жануарларды реттеуде қолданыстағы Заң нақты нәтиже бермей отырғанын жеткізді. Айтуынша, қаңғыбас иттер мен жануарлар мәселесін реттеуде заңда қайшылықтар мен кемшіліктер көп. Сондай-ақ депутат әкімдіктер жануарларды реттеу мәселесіне қатысты жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғанын мәлімдеді. Самат Мұсабаев қаңғыбас иттерді ұстауға арналған панажай жоқ өңірлерді атады.

Бұралқы иттер және қараусыз қалған жануарлардың адамдарға, оның ішінде балаларға агрессия көрсетіп, денсаулықтарына зардап әкелуде. Қазір Ақтөбе, Атырау және Жетісу, Маңғыстау, Қызылорда және Ұлытау облыстарында панажай мен уақытша ұстау орындарының жоқтығын көріп отырмыз. Шымкент қаласында да паналау орындары жоқ», – деді Мұсабаев.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қызылорда облысының әкімдігінде жергілікті бюджеттен қаржыландыру болмаған. Ал Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында бұл мақсатта бюджеттен бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 42 мыңнан 66 мың теңгеге дейінгі көлемде ғана.

Азаматтарды  бұралқы иттерден қорғау үшін депутаттар заң жобасына бірқатар толықтырулар мен өзгерістер ұсынды:

  • Бірінші – жануарларды есепке алудың бірыңғай электрондық базасын орталықтандыру;
  • Екінші – жануарды уақытша ұстау орнына орналастырғанға дейін жануардың иесіне одан бас тартуға тыйым салуды белгілеу, сондай-ақ жануардың иесіне оны далаға тастамай, уақытша ұстау орнына өткізуді міндеттеу;
  • Үшінші – жануарлар агрессия танытып, шабуылдаған жағдайларда жергілікті атқарушы органдардың осындай оқиғаларға шұғыл ден қою шараларын ұйымдастыру міндетін белгілеу;
  • Төртінші – ауруға шалдыққан, агрессия көрсететін, зооқорғау ұйымдары мен өзге де тұлғалар тарапынан орнастырылмаған және талап етілмеген жануарлардың санын реттеу үшін, егер олар бұралқы иттер болса 15 күн ішінде, ал егер олар қараусыз қалған жануарлар болса 60 күн ішінде эвтаназия қолдану секілді нормалар қарастырылған.

Айта кетейік былтыр 1 қыркүйектен бастап үй жануарларын есепке алу ережелері күшіне енген еді. Жаңа ережеге сәйкес, үй жануарын тіркеу үшін мамандар үйлерді араламайды. Сондай-ақ үй жануары аулада серуендеп жүргенде учаскелік полицей келіп, иттің чиптелген-чиптелмегенін сұрауға құқылы. Иттің чипі бар-жоғын тексеру үшін арнайы сканер болуы керек. Иттің иесі мұндай жағдайда құжатын көрсетсе болады. Айта кетейік, жануарларды аулау және есепке алу жөніндегі жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады. Ал үй жануарын есеп алу ақылы түрде жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз