Қостанай облысында зардап шеккендерге төлемдер беріле бастады

Жарияланды (жаңартылды )
Қостанай облысында зардап шеккендерге төлемдер беріле бастады/Фото: архив kursiv.media

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсетіле бастады. Өңірде су тасқыны салдарын жою жөніндегі жедел штаб өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Ақпаратқа сәйкес, өңірде 3 ауданының аумағындағы су тасқынынан келтірілген залалды бағалау жөніндегі комиссия өз жұмысын бастады. Олар –Амангелді, Жангелді аудандары және Арқалық қаласы.

Өңір әкімі жедел көмек көрсету, барлық мүмкін ресурстарды тарту бойынша нақты тапсырмалар берді.

«Үйге жарты сағатқа су кірсе де, бұл отбасылар зардап шекті. Ешкім мемлекеттің көмегінсіз қалмауы тиіс”,- деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

29 наурыздан бастап ТЖ режимі жарияланғаннан кейінгі күні Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы төлемдер төлене басталды.

«Отбасының әрбір мүшесіне 100 мың теңгеден 183 адам төлем алды. Шамамен бір отбасына орта есеппен 500-600 мың теңге бөлінеді. Барлығы 18 млн теңгеден астам төленді», – делінген хабарламада.

Бұл төлемдер тұрғын үйді жалға алу, азық-түлік, киім-кешек сатып алу сияқты негізгі қажеттіліктерге арналған.

Бірінші кезектегі төлемдерден басқа атаулы әлеуметтік көмек. Сондай-ақ жылжымалы, жылжымайтын мүлік пен малды қалпына келтіруге қаражат қарастырылған.

Қаржы басқармасының басшысы Алма Жүсіпованың айтуынша, тиісті көмек алу үшін залалды бағалау жөніндегі комиссияға жүгінген жөн.

«Өтінішті толтыру, отбасы құрамын көрсету және жеке куәлікті, сондай-ақ қаражатты есептеу үшін карточкалық шотты ұсыну қажет», – деп қорытындылады Алма Аутенқызы.

Ақпаратқа сәйкес, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде демеушілік көмек тартылады

Айта кетейік, Қостанай облысында су тасқынынан «Желқуар» өткізу пунктінің жұмысы уақытша тоқтады деп жазған едік.

29 наурыздан бастап Қостанай облысындағы «Желқуар» автомобильдік өткізу пункті уақытша жабылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысындағы су тасқыны жағдайына байланысты 2024 жылғы 29 наурыздан бастап «Желқуар» автомобильдік өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу уақытша тоқтатылғанын хабарлайды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанның біршама өңірін еріген қар суы мен тасыған өзен суы басты

Еліміздің 6 өңірінде тәулік бойы психологиялық және ақпараттық қолдау үшін ТЖМ «жедел желі» телефоны іске қосылды.

Сондай-ақ оқыңыз