Өңірлерді су басуына орай халықтан кешірім сұраған Тоқаев министрлер мен әкімдерге қатаң сөгіс жариялады

Жарияланды (жаңартылды )
Тоқаев министрлер мен әкімдерге қатаң сөгіс жариялады / Фото: Ақорда кз

Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорда кз хабарлады.

Президент бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.

Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің басшылығы және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

Мемлекет басшысына аймақтардағы қазіргі қалыптасқан ахуал туралы, атап айтқанда, адамдарды құтқару және су тасқынының салдарын жою үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндалды.

Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Оның айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған. Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен өңірлер тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрады. Барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.

Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.

Су тасқыны басталғаннан бері 7800 адам қауіпсіз жерге жеткізілді деп жазған едік.

«Су тасқыны басталғаннан бері Азаматтық қорғаныс қызметтерімен 7800 адам, оның ішінде 2812 бала қауіпсіз жерге жеткізілді. Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті және Ұлттық Ұлан әуе кемелерімен 644 адам құтқарылды. Оның ішінде 236 бала . ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 3,5 млн астам текше метр еріген қар суы тартылды. 300 мыңға жуық қапшық және 45 тонна арнайы материал төселді. Ақмола. Қостанай, Абай, Батыс, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары республикалық жедел штабтың бақылауында», – деді Қаһарман Оразалин.

Сондай-ақ еліміздің 6 өңірінде тәулік бойы ТЖМ «жедел желі» сенім телефоны іске қосылды.

Сондай-ақ оқыңыз