«Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен елдімекендерде үй салуға 5 млрд теңге бөледі

Жарияланды
«Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккен елдімекендерде үй салуға 5 млрд теңге бөледі / Kursiv.media

31 наурызда «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев пен су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың төрағасы Олжас Бектеновпен кездесті. Кездесуде қор су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға қаржы бөлетінін хабарлады.

Қор мақсаттарының бірі – төтенше жағдай кезінде зардап шеккен халыққа көмектесу. Осыған орай, қор жалпы сомасы 5 млрд теңгеге су тасқынынан зардап шеккен үйлердің құрылысына қолдау көрсетеді.

«Қайырымдылық көмек жергілікті атқарушы органдардың объектив тексеруі және ауылдық жердегі тұрғын үйді тиісті сараптама ұйымдары жарамсыз деп таныған жағдайда көрсетіледі. Растайтын құжаттар алынғаннан кейін қордың ішінде шешімді бекітудің тиісті рәсімдері жүргізіледі», – делінген хабарламада.

Қор 2022 жылғы сәуір айында Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қайырымдылық көмек беру тәжірибесіне сүйенеді. Сөйтіп қор су тасқынынан зардап шеккен ауылдарда сондай 200 үй салуға болады деп есептейді.

Айта кетейік, Астанада су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау басталды.

Астананың волонтерлық штабы Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинай бастады. Жұмыс волонтерлық және қайырымдылық ұйымдарымен бірлесіп атқарылады.

Сондай-аө Қостанай облысында су тасқыны қайталануы мүмкін.

«Қазгидромет» мәліметі бойынша, 31 наурыздан бастап Қостанай облысында ауа температурасы күндіз +20 градусқа дейін көтеріледі. Аптаның ортасында түнде облыстың солтүстігі мен шығысында жаңбыр түрінде жауын-шашын болады.

«Осыған байланысты Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыстың оңтүстік аймақтарында су тасқыны қайталануы мүмкін деп болжап отыр. Оған қоса облыс орталығы мен солтүстігінде күрделі су тасқыны болуы мүмкін. Қарасу, Әулиекөл, Наурызым, Қамысты, Сарыкөл, Алтынсарин, Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарына қауіп төніп тұр», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Ресей Федерациясынан ірі өзендер бойымен су келуі мүмкін. Су ағыны өте жоғары. Жітіқара, Денисов, Қостанай, Қарабалық, Федоров аудандары мен Бейімбет Майлин ауданына қауіп төніп тұр.

Сондай-ақ оқыңыз