Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.
Штабтың негізгі міндеті – су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру. Штаб басшысы – Премьер-Министр Олжас Бектенов, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев штаб басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Республикалық штабтың су басуға қатысты ақпараты мынадай:
- Төтенше жағдай жарияланған аймақтардан барлығы 11 306 адам эвакуацияланды.
- Уақытша орналастыру бекеттерінде 5 456 адам бар.
- Су шайып кеткен 40 автожолды, көпірді және 39 жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынды.
- Көлік қатынасы тоқтап қалған елді мекендермен байланыс орнатылып, әкімдіктер азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажет қорын дайындады.
- ТЖ аймақтарындағы халыққа көмек беру тәулік бойы, оның ішінде әуе кемелерінің көмегімен жүзеге асып жатыр.
- Жұмысқа 7 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам техника, оның ішінде су айдау құралдары, жүзу және әуе кемелері тартылды.
- Су қоймалары мен өзендердегі жағдайға мониторинг жүргізіліп жатыр.
- Қазіргі уақытта Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр, белсенді түрде су жіберу жүзеге асып жатыр.
- Қарғалы су қоймасы жинақтау режимінде тұр.
- Әкімдіктер су тасқынының қаупі жоғары өңірлерде алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.
- Қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдар жіберіледі.
ТЖ салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен жаңа үй салуға ҚР Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінетін болды. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.
Ақтөбе облысында қайықпен 111 адам эвакуацияланды
Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Ақтөбе облысындағы Қаратал ауылының жергілікті тұрғындарын эвакуациялады.
Қозғалтқыштары бар үрлемелі қайықтарда 111 адам, оның ішінде 36 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. МИ-8 борты зардап шеккендерді Ақтөбе қаласына жеткізді.
БҚО-да халыққа психологиялық көмек беріліп жатыр
Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайына байланысты ТЖД психологтары эвакуациялық пункттердегі зардап шеккен халыққа шұғыл психологиялық көмек беріп жатыр.
Психологиялық және ақпараттық қолдау көрсету мақсатында қауырт желі телефоны жұмыс істейді: 8(7112) 554088.
Дағдарыс аймақтарына 10 тоннадан аса гуманитарлық көмек жеткізілді
Құтқару жұмыстары Ақтөбе, Қостанай және Абай облыстарында жүргізіліп жатыр.
30 наурызда әскери ұшқыштар 38 мәрте рет, 15 сағат ұшты.
Табиғи апат аудандарына салмағы 1000 келі апаттан құтқару мүлкі мен төтенше жағдайлар қызметінің 19 маманы жеткізілді. Эвакуациялық пункттерге 10 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жеткізіліп, түсірілді.
Әскерилер 10-ға жуық техника мен 40 адамды құтқарды
99250 әскери бөлімінің командирі полковник Расул Зәкіровтің басшылығымен 30 әскери қызметші Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Абай, Жетікөл, Қосаба, Жарақұдық, Жетібай ауылдарында күндіз-түні су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілді
Нәтижесінде 10-ға жуық техника 40-тан астам тұрғындар құтқарылды, оның ішінде ересектер – 29, балалар – 11.
Тоқаев қатаң сөгіс жариялады
Бұған дейін Тоқаев министрлер мен әкімдерге қатаң сөгіс жариялағанын жазған едік.
Президент бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.
Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің басшылығы және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.
Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды