Басшыларға коучиң не үшін қажет?

Жарияланды
Басшыларға коучиң не үшін қажет?/shutterstock.com

Бизнес мен команданың өрлеуі үшін бірінші кезекте тізгінді ұстап отырған басшы мықты болуы керек. Себебі ұжымды айрандай ұйытып, бір толқында жүруі үшін жол көрсету маңызды. Бұл ретте басшыларға коучиң көмектеседі. Трансформация қалай жүргені дұрыс? Басшыларға арналған коучиң деген не? Осы туралы айтамыз.

Басшыларға арналған коучиңнің негізі — диалогта. Яғни коуч сұрақ қояды, клиент соған жауап береді. Қазіргі болып жатқан жағдайларға көзқарасы сөз болатындықтан, мұнда таным көкжиегі кеңейіп, мәселелерді түрлі қырынан қарап көреді. Қай жерде не істеу керегін жақсырақ түсінгенде жұмыс істеуге мотивация молаяды. Жаңа құралдар мен тәсілдермен танысқан соң, оны дереу өз командасына енгізгісі келіп, күш-қуаты тасиды. Бұл болса, басшының бойында бұрынғыға қарағанда анализ жасау қабілетін арттырып, нәтижесінде жұмысын өнімді қылады. Әдетте басшыларға арналған коучиңді басшының өзі не одан да жоғары лауазымдағы басшы бастама қылып көтереді. Бөлім жетекшілерін дамыту үшін бастық тарапынан осындай ұсыныс түссе, коучпен алғашқы кездесу осы үш адамның арасында өтеді. Тапсырыс берушінің талап-тілегі тыңдалып, алдағы кездесулер жайлы әңгіме өрбиді. Одан соң коуч пен клиент өзара жұмыс істейді. Бірнеше сессиядан соң тапсырыс беруші қайта шақырылып, нәтиже қалай болып жатқанын біле алады. 

Басшылардың коучиңінің қандай мәселелерді шешеді?

Жетекшілер не басшылар коучке кеңес алуға барған кезде одан бағыт сұрайды. Сөйтіп бірнеше нұсқа мен мүмкіндікті жіліктеп, екеуара талдайды. Ал оның бәрі сұрақ-жауап арқылы көрініс табады. Мысалы, «мына жағдайға басқа қырынан қалай қарап көруге болады?», «тағы қандай амал қылуға болады?», «әрі қолым жетпеген, бірақ ойымдағы мақсаттарға жету үшін не істеу керек?» дегендей сауалдарға жауап ізделеді. Басқару өнерін неғұрлым жақсы меңгерсе, компаниядағы мәселелерді де соғұрлым тиімді шеше алатын болады. Оның ішінде қызметкерлердің проактив болуына, жұмысқа құлшыныспен қатысуына әсерін тигізеді. Сонымен қатар қызметтік міндетін бұрынғыдан да сапалы істеуі үшін қызметкерлердің құзіретін арттыруды түсінеді.

Басшы жақсы болса, кіргенінен шыққаны тез қызметкер саны азаяды. Себебі мықты жетекші не керегін, не жетіспейтінін сезіп, олқылықты орнын дереу толтырып отырады. Жалпы алғанда көш бастайтын тұлға ретінде командалық жұмыстың барлық аспектісін реттеуді үйренеді. Айталық, жаңа өнім шығарғалы жатқан кезде нарықты оңай түсініп, коммерциялық көрсеткіштерге жеңіл қол жеткізуге трансформациядан өткен басшы жақсы әсер етеді. Мынаны есте ұстау керек: нысанада басшы мен оның қабілеті тұрады. Яғни коуч командаға араласпайды. Яғни ұжымның қағидаларына, жұмыс барысына тікелей қатысы жоқ. Басшы осыны өзі реттеуі үшін кочутан сессиялар алады. Кейін тізгінді қалай тарту керегін өзі шешіп үйренеді.

Коучтың эксперттен қандай айырмашылығы бар?

Әдетте конференциялар мен бизнес-семинарларда тренерлер болады. Ол эксперттер, сөзсіз, саланың майын ішіп, жілігін шаққан маман. Бірақ олардың міндеті — жұмыс істеуге керек жаңа әдіс-тәсілдерді таныстыру. Ол құрал жеке сізге сәйкес келе ме, жоқ па — оның шаруасы емес. Коуч болса, олай сабақ өтпейді, кеңес бермейді. Оның фокусы клиенттің уайымына айналған процестерде болады. Жеке сол мәселелерді сұрақ қою арқылы клиенттің санасы ашылуына көмектеседі. Қатып қалған кедергі ойлардан арылып, басқа қырынан қарастырған кезде көп нәрсе анық көріне бастайды. Яғни коучқа барғанда одан дайын шпаргалка алмайсыз. Жауапты өзіңізді қазбалап, өзіңіз табасыз. Басшы болғандықтан, оның бэкграунды да мықты болады. Сан түрлі трениңнен өткен, қаншама кітап оқыған, команданы басқаратын адам. Енді оған керегі — ішкі потенциалы жасырынып тұрса, сыртқа шығару. Ал ол үшін сұрақтарға жауап іздейді. Бір қарағанда шешілуі қиын мәселелерге сәл тереңірек қарап, дұрыс сұрақ қойса — шешімі табылады.  

Коуч нақты жағдайларға қарастыра отырып, дәл нысананы көздеп жұмыс істейді. Клиенттің жеке қасиеттері мен реакцияларын бағып отырады. Ал эксперт-тренерлер болса жұмыс барысының қалай ұйымдастырылуы керегіне қатысты кейстерді талдайды. Ол құрал сізге сәйкес келмесе, онда келесі маманға барып, іздеу қажет болады. Ал коучпен жұмыс істегенде клиент сан түрлі тәсілдің ішінде қайсысы келетінін ойлап бас қатырмайды. Өйткені сессия кезінде ол шешім өздігімен-ақ сыртқа шығады. Әрі сол шешім дәл қазіргі жағдайға сай келіп тұрады, нақ соған арналған ұсыныс болады. Сөйтіп жағдайда жақсы жаққа өзгерту үшін жасау керек қадамдар шыға келеді. Жалпы басшылар жиналған трениң кезінде ондай нәтиже болмауы мүмкін. Себебі ол жерде негізгі білім мен теориялық база ғана беріледі.

Көшбасшылардың дамуына қалай көмектеседі?

Басшыларға арналған коучиң мәселеге басқа қырынан қарап, нәтижесінде команданың жақсы жұмыс істеуіне жанама да әсер бере бастайды. Жеке қасиеттеріне трансформация жасалған кезде мықты тұстарын біліп, әлсіз тұсымен жұмыс істеп, құндылықтарын бағамдайды. Осылайша осы плюстің бәрін жұмыс барысында қолдана бастайды. Онысы нәтиже бермей қоймасы анық. «Қол астымдағы жұмысшылардың жемісті жұмыс істеп, бәріміз илегеніміз бір терінің пұшпағы екенін жақсы түсінуі үшін мен қандай басшы болуым керек?» деген сауал аясында ойланады. Сессия кезінде коуч құдды зерттеуші секілді болады. Себебі ол клиентін жан-жақты қарап, әр қырын ашуға тырысады. Мұнда сұрақтарға сөзбен жауап бергені жеткіліксіз. Коуч клиенттің қимылын бағып отырып, эмоциясын байқайды. Әлдебір ақпаратты алуда осы тұс өте маңызды. Өйткені кейде айтпай, іште бұғып қалған деректер көз, қол, аяқ арқылы көрініп қалады. Өзі жауап таппай қиналып, тығырықта жүрген клиентке дұрыс сұрақтар қойып, жауабын өздігімен табуға көмектеседі. Анализ жасауға үйренсе, ол қабілеті кейін жұмыс барысында да жемісін береді.  

Коучқа барудың пайдасы қандай?

Бұл коучиң арқылы ресурс көзі яки процесті реттеуге, жылдамдатуға көмектесетін энергия табылады. Ал ол ресурс болса, өткен шақ, қазіргі уақыт және болашақтың призмасы арқылы көрінеді. Мысалы, сессия кезінде клиенттің өзі ұмытып кеткен, бірақ ұтымды шешім қабылдаған сәтті кездері туралы еске түсіріп, сол арқылы оны қазір қолданып көру жайлы ұсыныс өздігімен шығуы мүмкін. Өткен кезде болғанда сол энергияны қайтарып, қазір сол қарқынды пайдалану арқылы мәселені шешеді. Сол сияқты позитив энергия берген сәттерді де еске алып, қазір сол энергиямен қанығуға мүмкіндік беріледі. Ал болашақпен жұмыс істеу деген өзіңіз қалайтын өзгерістер көрінісін визуалдауды меңзейді. Ол кезде де адамның бойында тау қопаратын энергия, құлшыныс пайда болады.

Сонымен жұмыс былай өтеді деген сөз: клиент бұрынғы бастан өткерген кейстерін қазіргі жағдайға бейімдейді. Керек жерін жаңартады, кей тұсын толықтырады, енді бір жерді қысқартады. Нәтижесінде қазіргі жағдайының шешімін табады. Ақыры өзі шеше алатын болса, коуч не үшін керек деген сауал туындауы мүмкін. Мұның бәрі күнделікті тұрмыс күйбеңімен олай терең ойланып, анализ жасауға мүмкіндік бола бермеуі мүмкін. Әрі кейбірі олай үңіліп көрмеген де болуы ғажап емес. Сол үшін бағыт беру үшін дөп сұрақ қойып отыратын коуч болғаны дұрыс. Мысалы, бизнес көп нәрсе кері кетіп жатыр делік. Қызметкерлер бірінен соң бірі жұмыстан кетіп жатыр, ұжым ішінде кризис, жобалардың нәтижесі көңіл қуантпайды. Бәрі біріккен кезде үлкен стреске әкеледі. Сондай кезде коучқа барған дұрысырақ. 

Жетекшілерге қандай машықты дамыту керек?

Қазір өзгерістің болуы демде. Сондықтан соған дәйім дайын жүрген абзал. Бір жағынан осындай тез қарқында жұмыс істеп үйренген жақсы да. Ол сізге мол мүмкіндік сыйлайды. Өзіңізге деген сенімділік орнап, команданы басқару қабілетін арттыруға көмектеседі. Осы туралы толығырақ айтайық.

Ұжымды басқару — жауапты іс. Қазіргі таңда көшбасшыларға қызметкерлерін қанаттандырып отырмаса болмайды. Команданың потенциалы мен кәсібилігі жобаның нәтижесіне тікелей әсер етеді. Сатылым қалай болады, қызмет сапасы қандай, нарықта ол өнімнің орын алу не алмауы — бәрі істің нәтижесін көрсетеді. Егер команда проактив бола алса, құлшыныспен істесе — көңіл қуантатын нәтиже болады. Бұл ретте қызметкерлерді жобаға баптау — басшының міндеті. Керек болса, өзі өзгеруі керек. Өйткені ол — ұжым ішінде мәдениет орнататын бірден-бір тұлға. Егер өзі қалағанына жету жолын жақсы біліп, бағыт бере алса, онда командасы да соңынан сол қарқынмен ілеседі. Қазіргі басшылар қызметкерін аялап ұстамаса, мықты маман басқа жаққа кете салады. Сондықтан кәсібилігі жоғары қызметкерлермен қалай жұмыс істеу керегін түсінген басшы бәсекелестерін басып озады. Себебі команданың жақсы жетістікке жетуі үшін ондағы әр мүшенің мықты болғаны керек.

Басшыға тән қасиет

Басшы өзгерістерге дайын болып, соған сай құбыла білуі қажет. Қанша жерден қиын әрі стресс жағдай болып жатса да, салқынқанды қалыптан таймауы керек. Себебі сол салқынқанды қалып эмоцияны ысырып қойып, мәселені дұрыс шешуге көмектеседі. Ал эмоция алға шығып кеткен кезде арада түсініспеушілік көбейеді. Реніш, ұрыс-керіс — жұмысқа кері әсер береді. Бәрінің мақсаты бір екенін ұғып, сол мақсатта жылжығанда мұндай басы артық мәселе туындамайды. Ал ондай машықты дамытып, ұштау қажет.

Өзгерістерге тез бейімделетін басшы командасымен бірге отырып, жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Болып қалған жағдайды да дұрыс шешеді. Қажет болса, стратегияны ауыстырып көреді. Бастысы, нәтижеге жұмыс істейді. Ондай деңгейге жету үшін көп жұмыс істеліп, өзін дұрыстауы керек. Түрлі эмоциялық паттерн, кедергі ойды жеңу қажет болады. Басшыға керек келесі машық — өзіне деген сенімділік. Бұл дегеніміз өз дегенін ғана қылу емес. Өз күшіне, нәтижесінде жақсы алып шығатынына сенуін айтамыз. Білікті басшы сезімтал келеді. Өзіне берік сенімі бар адам өзі де шыңға шығады, артынан ергендерді де табысқа жеткізеді. 

Сондай-ақ оқыңыз