Қазақстанда су тасқынынан құтқарылғандар саны 13 мыңнан асты

Жарияланды
Қазақстанда су тасқынынан құтқарылғандар саны 13 мыңнан асты / ТЖМ

Қазақстанда су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болып, құтқарылғандар саны 13 659 адамға жеткен. Оның ішінде 1 655 адам әуе кемесімен құтқарылған.

«Жұмылдырылған күштермен және құралдармен 13 659 адам, оның ішінде 5 250 бала құтқарылды және эвакуацияланды. Бұл ретте мемлекеттік авиация әуе кемелерімен 1655 адам, оның ішінде 425 бала эвакуацияланды», – дейді ТЖМ хабарламасында.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қостанай облыстарында уақытша орналастыру пунктерінде 6 034 адам, оның ішінде 2 386 бала бар. 

ТЖМ жанындағы «Жедел желі» телефондарына 604 қоңырау келіп түсіп, 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмысын жалғастыруда.
309 жеке тұрғын үй мен 759 аула аумағынан су шығарылды. Су астында әлі 1 257 жеке тұрғын үй мен 400 аула қалып отыр.

Су шайған 55 автожол, оның ішінде 1 көпір және 54 жол төсемі бақылауға алынған. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарында жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрып, көлік қатынасынсыз қалған 49 елдімекенге жеткізуде.

Осыған дейін Үкіметте су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу тетіктері мен қаржыландыру көздері талқыланғанын жазған едік. Қосымша қаржыландыру Үкімет резервінен алынады.

«Залалдың алдын ала мөлшерін ЖАО, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктері айқындайтын болады. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылады», – деді Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабының отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Шығынды қайтару үшін не істеу керек?

  • материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
  • ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастыратын болады.
Сондай-ақ оқыңыз