Су тасқынынан зардап шеккендер өздеріне келген шығынды қайтару үшін не істеу керек?

Жарияланды
Су тасқынынан зардап шеккендер шығынды қайтару үшін не істеу керек? / ТЖМ

Үкіметте су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу тетіктері мен қаржыландыру көздері талқыланды. Қосымша қаржыландыру Үкімет резервінен алынады.

«Залалдың алдын ала мөлшерін ЖАО, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктері айқындайтын болады. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылады», – деді Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабының отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Шығынды қайтару үшін не істеу керек?

  1. материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.

2. ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастыратын болады.

Медициналық көмек көрсету

Бұдан бөлек, штаб апаттан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету мәселесін де талқылады. Халықты уақытша жинау пунктерінде тәулік бойғы медициналық постардың жұмысы қамтамасыз етілді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорлары дайындалды. Барлық өңірде санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау және мониторинг күшейтілген.

Су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындары денсаулық сақтау басқармаларының Call-орталықтары бойынша келесі нөмірлерге хабарласа алады:

  • Ақтөбе облысы (+7 (7132) 41 02 13)
  • Қостанай облысы (+7 (7142) 52 40 70)
  • Батыс Қазақстан облысы (+7 (7112) 24 00 06)
  • Қарағанды облысы (+7 (7212) 95 55 59)
  • Абай облысы (+7 (7222) 56 64 50)
  • Ұлытау облысы (+7(7102) 99 95 09)
  • Ақмола облысы (109)

Мектептер онлайн режимге ауысты

Су тасқыны орын алған аймақтардағы мектептерде сабақ онлайн форматқа көшіріледі. Қашықтан оқыту су тасқыны қаупі сейілмеген аумақтардағы 56 мектепте, сондай-ақ эвакуациялық пунктер ретінде айқындалған 32 мектепте ұйымдастырылып отыр.

Сонымен қатар тәуекелдерді азайту және төтенше жағдайда білім беру процесін жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысындағы колледждер қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Үкіметтің 2024 жылғы резерві қанша?

«Ашық НҚА» порталында 2024 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін түзету туралы Үкімет қаулы жобасы толықтырулар жарияланды.

«Көрсетілген қаулыға 2, 7, 20 және 26-қосымшалар осы қаулыға 2, 3, 4 және 5-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын. ҚР Қаржы министрлігі мүдделі республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп тиісті қаржы жылына арналған міндеттемелер мен төлемдер бойынша жиынтық қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізсін», – делінген қаулыда. 

Аталған 26-қосымшада Үкімет резервіне қарастырылған қаржының мөлшері нақтыланған. Атап айтсақ, Үкiмет резервін 330  млрд 973 млн 865 мың теңгеден 467  млрд 379 млн 301 мың теңге дейін ұлғайту көзделген.

Оның 3 млрд 500 млн теңгесі Қазақстан және басқа мемлекеттердің аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналмақ.

Қаулы жобасында  Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резерв көлемін арттыру да қарастырылған. Үкіметтің шұғыл шығындарға бағытталған резерв көлемі 326 млрд 523 млн 865 мың теңгеден 461 млрд 529 млн 301 мың теңгеге дейін  ұлғайды. Сондай-ақ  2 млрд теңге Қазақстан Үкіметінің түрлі деңгейдегі соттар қабылдаған шешімдер аясындағы міндеттемелерін орындауға арналған. Қалған 350 млн теңге табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Толығырақ

Үкімет төтенше шығындарға арналған резервті үштен біріне, сот шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға 3,3 есеге кеңейту есебінен резервті 136,4 млрд теңгеге, яғни 467,4 млрд теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Үкімет резервінен мемлекеттік жер кадастрын енгізуге кеткен шығындарды 12,7 есеге,  яғни 7,4 млрд теңгеден 584 млн теңгеге дейін қысқартпақ. Бұдан басқа, жердің сапасын есепке алу, оның ішінде жер мониторингі, топырақ және геоботаникалық зерттеулерді жүргізу бойынша 6,8 млрд теңгеге шығындарды енгізу жоспарлануда. Ал саяси қызметшілердің кадр резервіне 134,2 млн сомаға іріктеу жүргізуге арналған шығыстарды алып тастау көзделген.

Сондай-ақ Үкімет резервінің шығыстарына Президенттің іс басқармасы жүйесінің медициналық және өзге де қызметкерлерін оқытуды ұйымдастыру және өткізу де енгізілді. Оның жалпы сомасы 101,9 млн теңгені құрайды. 

Айта кетейік, 2024 жылға арналған қабылданған республикалық бюджетте кірістер 20,4 триллион теңгеге, шығыстар шамамен 24 триллион теңгеге бағаланды. 2024 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,6% деңгейінде бағаланады. Ұлттық қордан түсетін трансферттерді есепке алмағанда бюджет кірістері 16,1 трлн теңгені немесе жалпы түсімдердің 80 пайызын құрайды. Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге тартылады, оның ішінде 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт. Қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға, мысалы, жолдарды, жылу, газ және сумен жабдықтауды, сондай-ақ инженерлік желілерді жаңғыртуға жұмсалады.

Сондай-ақ оқыңыз