Fortebank S&P рейтингісінен бас тартты

Жарияланды (жаңартылды )
S&P агенттігі банктің бастамасымен ForteBank рейтингілерін қайтарып алды / Архив: kursiv.media

S&P агенттігі банктің бастамасымен ForteBank рейтингілерін қайтарып алды. Бұл туралы қаржы ұйымы хабарлады.

S&P Global Ratings рейтинг агенттігі, банктің бұл агенттіктің рейтинг тағайындау процесіне қатысуын тоқтату туралы шешіміне байланысты рейтингілерін қайтарып алды.

Наурыз айының соңында S&P агенттігі аталған банк рейтингін ұлттық шкала бойынша «kzA»-дан «kzA-» дейін көтерді. Болжамды «позитивті» деп жақсартты. Рейтингілерді қайтарып алу кезінде ForteBank-тің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингілері «BB-/B» деңгейінде, ұлттық шкала бойынша рейтингі «kzA», рейтингілері бойынша болжам «Позитивті» болды.

«Біз S&P агенттігіне ұзақ мерзімді ынтымақтастығы үшін ризашылығымызды білдіреміз. Қазіргі жағдай көрсетіп отырғандай, банктің клиенттер, акционерлер мен инвесторлар үшін кредит қабілеттілігін және тұрақтылығын растау үшін екі агенттіктің рейтинг тағайындауы жеткілікті. Moody’s және Fitch деген екі халықаралық агенттігі тағайындайтын ForteBank рейтингілері банктің жоғары қаржылық көрсеткіштерін, таңдалған бизнес моделін және банктің нарықтағы даму болашағын толық көрсетеді. Банк ұжымы қызметтерді цифрландыру, тұрақты өсу және портфельдердің теңгерімділігін қамтамасыз ете отырып, банктің даму стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыруда», – деп атап өтті «ForteBank» АҚ басқармасының төрағасы Бекжан Пирматов.

Енді банк рейтингін Moody’s және Fitch агенттіктері тағайындайтын болады. Бұл қаржы институтының капитализациясының, өтімділігінің және табыстылығының жоғары көрсеткіштерін растайды.

Сондай-ақ өткен жылдың қараша айында Moody’s агенттігі ForteBank рейтингілері бойынша болжамды «Позитивті» дейін жақсартты. Жергілікті және шетел валютасындағы депозиттер бойынша рейтингін «Ba2» деңгейінде растады. Қаржы ұйымы Қазақстандағы ең ірі бес банктің қатарына кіреді. Банктің активтері 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 3,3 трлн теңгеден асады. Несиелік портфелінің көлемі 1,5 трлн теңге деңгейінде. Ал салымдар 2,3 трлн теңгеден астам. Қаржы институтының елімізде 20 филиал мен 100 бөлімшеден тұратын желісі бар.

Еске сала кетсек, Forte bank 2022 жылғы кірісінің жартысын дивиденд төлеуге жұмсады.

Сондай-ақ оқыңыз