Қазақстандық банктер су тасқынынан зардап шеккен борышкерлердің несие төлеу мерзімін кейінге шегереді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы хабарлады.
«Қазақстанның екінші деңгейлі банктері Үкіметтің су тасқыны кезеңінің зардаптарын жоюға және табиғи төтенше жағдайлардан зардап шеккен халық пен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған шұғыл шараларын қолдайды», – деп хабарлады Қауымдастық.
Өз тарапынан банктер келесі қолдау іс-шараларын көрсетуге дайын екендіктерін растады:
– 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі мерзімге жергілікті атқарушы органдардың тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккен қарыз алушылардың несиені өтеу мерзімін ұзарту;
– 2024 жылғы 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде су тасқынының теріс әсерінен қаржылық жағдайы нашарлаған қарыз алушылардың төлемдерін уақтылы өтемегені үшін өсімпұлдар есептелмейді;
– Су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі тоқтап қалға жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелік міндеттемелерін орындау кейінге қалдырылады.
Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әр банк жеке анықтайды
«Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әрбiр екiншi деңгейдегi банк дербес айқындайды. Оның ішінде банкке тиiстi өтiнiштер беру және форс-мажорлық мән-жайлардың туындауын растайтын құжаттарды ұсыну бар. Осы тетіктердің сипаттамасы және қарыз алушыларға қажетті барлық қадамдар жақын арада банктердің ресми сайттарында жарияланады», – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.
Еске сала кетсек, Үкіметте су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу тетіктері мен қаржыландыру көздері талқылады. Қосымша қаржыландыру Үкімет резервінен алынады.
«Залалдың алдын ала мөлшерін ЖАО, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктері айқындайтын болады. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылады», – деді Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Шығынды қайтару үшін не істеу керек?
- материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
2. ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастыратын болады.
Медициналық көмек көрсету
Бұдан бөлек, штаб апаттан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету мәселесін де талқылады. Халықты уақытша жинау пунктерінде тәулік бойғы медициналық постардың жұмысы қамтамасыз етілді. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорлары дайындалды. Барлық өңірде санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау және мониторинг күшейтілген.