Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова қызметінен босатылды

Жарияланды
годунова
Наталья Годунова бұл лауазымға 2022 жылдың күзінде тағайындалған / Фото: Аскар Ахметуллин

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунованы қызметінен босатты. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Наталья Николаевна Годунова Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.

Наталья Годунова бұл қызметке Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 28 қарашадағы №9 Жарлығымен тағайындалған болатын. Бұған дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрайымы қызметін атқарған.

Годунова қандай ісімен есте қалды?

Еске сала кетсек, Наталья Годунова Қазақстанда ұлттық жобалар мен бағдарламалар бойынша нәтижеге қол жеткізбегені үшін шенеуніктерге жауапкершілік енгізуді ұсынған. Ол мұндай жауапкершілікке орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен бюджет қаражатын жұмсайтын жергілікті атқарушы органдар да тартылуы керектігін айтқан.

«Ресурстарды аударатын болсақ, жауапкершілікті де аударуға тура келеді. Бірақ бізде ондай жауапкершілік міндеттелмейді. Тіпті министрліктердің өзі мақсатты трансферттерді өңірлерге аудара отырып, оларды пайдалану нәтижесі үшін өздеріне жауапкершілік алмайды. Әрқашан солай болып келді. Салалық министрліктер тарапынан өңірлердің жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуіне мониторинг жасалмайды, әлеуметтік нысандардың кадрлық құрамын бағалау іс жүзінде жүзеге асырылмайды. Ақша аймақтарға берілді, бұл енді біздің шаруамыз емес деген қағиданы ұстанады», – деген болатын Годунова.

Сонымен бірге ЖАП-тың бұрынғы басшысы ведомстволардың жауапкершіліктен қашатынын да атап өтті. Мәселен, «Жайлы мектеп» бағдарламасын жүзеге асыруды Оқу-ағарту министрлігіне жүктегенде, ведомство құрылыс саласына жауап бермейтінін айтып, бұл жобаны жүзеге асырудан бас тартқан. Нәтижесінде мемлекет 2,6 трлн теңге бөліп отырған үлкен жобаны Samruk-Kazyna Construction жүзеге асырып жатыр. Онда мемлекеттік сатып алу қағидаттары еш ескерілмеген.

Годунованың бұл айтқандарымен Samruk-Kazyna Construction АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов келіспеді. Ол компанияның «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша конкурстық рәсімдер Samruk-Kazyna Ұлттық әл-ауқат қорының ережелеріне сәйкес, ерекше тәртіппен жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сонымен бірге Годунова ЖАП-тың 2022 жылға қорытындысымен таныстырып, онда мелекет бекіткен тапсырмаларды жүзеге асыруда көп олқылық болғанын айтты. Палата Мемлекет басшысы қойған барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшу міндетіне қол жеткізілмегендігін мәлімдеді. Атап айтқанда, 9 ұлттық жобаға 8,1 трлн теңге бөлінген. Палатының бағалауы бойынша бұл 9 ірі жобаның 7-інің тиімділігі төмен боп шыққан

Сондай-ақ оқыңыз