Жаңалықтар

Мәскеудегі теракт: СІМ қазақстандықтарға қай елде жүрсе де сақ болуды ескертті

СІМ қазақстандықтарды қай елде жүрсе де сақ болуға шақырды /Коллаж kursiv.media

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мәскеудегі терактіден соң қазақстандықтарды қай елде жүрсе де сақ болуға шақырды.

«Әрине, бұл теракт («Крокус Сити Холдағы») адам шошытарлық жағдай болды. Сол түні Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен хабарласып, бекітілген алгоритм бойынша жұмыс істедік. Жедел желінің телефон нөмірі жарияланды. Мәскеудегі студенттер мен басқа да Қазақстан азаматтарының бәрімен хабарласып, жағдайын анықтай бастадық. Қазіргі таңда қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ», – деді ресми өкіл.

 Ресми өкіл дүние жүзінде жағдай  күрделініп бара жатқанын атап өтті

 «Одан ешкім сақтанбаған. Сондықтан азаматтарымыз қай елде жүрсе де, сол елдің билігі қойған заң талаптарын орындауы қажет. Сақтықта қорлық жоқ. Сақ болып жүрген дұрыс деп ойлаймын», – деді ол.

Ресейде 40 мыңға жуық қазақстандық студент оқып жатыр

Айбек Смадияровтың айтуынша, бүгінде Ресейде 40 мыңға жуық қазақстандық білім алуда.

Еске салайық 22 наурызда Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында атыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырды. Артынша жарылғыш зат лақтырған. 25 наурызда «Крокус Сити Холлдағы» терактіде қаза тапқандар саны 139 адамға жеткені хабарланған.
Сол күні лаңкестік іс бойынша төрт айыпталушыны қамауға алынды. Олар өз кінәларын мойындады. Кейінірек тағы үш күдіктінің ұсталған. Олар әкесі мен екі ұлы. 26 наурызда сегізінші күдіктіге айып тағылды. Ол 22 мамырға дейін қамауға алынды. Бүгінгі таңда аталған қайғылы оқиғадан қаза тапқандар саны 143 адамға жетті.

Бұрын тізімде 140 адам болған. Жараланғандардың үшеуі қаза болды ма әлде жаңа мәйіттер табылды ма, ол жағы белгісіз. Төтенше жағдай министрлігі сайтындағы тізім «сот-медицина тексеріс деректеріне қарай жаңаратыны» хабарланды.

26 наурызда төтенше жағдай министрлігі сауда орталығындағы үйіндіні аршып біткенін хабарлаған. Іздеу-құтқару жұмыстары тоқтатылған.

Барлық ірі сауда орталықтары мен концерттік залдар терроризмге осал объектілер санатына жатады

Қазақстан билігі Ресейдегі «Крокус Сити Холлда» болған шабуылдан кейін елдегі барлық сауда орталықтары мен концерт залдары тексеру туралы шешім шығарды. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха көрші елдегі жағдайдан соң елімізде қандай қауіпсіздік шаралары жасалатынын түсіндіріп берді.

Қазақстандағы аумағы 500 шаршы метрден асатын барлық нысандар терроризмге осал объектілер санатына жататынын мәлімдеді. Оның ішінде ірі сауда орталықтары мен концерттік залдар, білім беру, денсаулық сақтау және халық көп шоғырланатын орындар бар.

«Бүгінгі таңда біз осы нысандардың барлығын қосымша тексеру үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұрын тексерген нысандарды, нұсқау берілген аумақтарға бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Осы санатқа жататын тексерілмеген ғимараттарға барып тиісті жұмыстар жүргіземіз.  Басқа да нысандарға кем дегенде, қожайындарымен барып сөйлесіп, техникалық нығайту мәселесін қарастыратын боламыз. Ұсыныстар береміз,  бұл тұрғыда жұмыс атқарылып жатыр», – деді ол.