Жаңалықтар

Соғыс басталған уақытта елге жеткізілген отандастарымыздың тең жартысы Украинаға қайтып кетті – СІМ

Елге жеткізілген отандастарымыздың тең жартысы Украинаға қайтып кеткен / Коллаж kursiv.media

Ресейдің арнайы операциясы басталған кезде Украинадан елге жеткізілген қазақстандықтар сол елге қайтып оралған. Осылай деп мәлімдеген СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадағы қазақстандықтар туралы ақпарат берді.

Айбек Смадияровтың айтуынша, елге жеткізілген біраз қазақстандық қақтығыстың ушығып тұрғанын біле тұра, Украинаға қайтып оралуды жөн санаған.

«Өзеріңіз білетіндей соғыс жаңа басталған кезде азаматтарымызды бірнеше рейспен сол жақтан эвакуация жасаған болатынбыз. Бірақ соның жартысына жуығы қайтадан Украинаға қайтып кетті. Енді қазір олардың өміріне қауіп төніп тұр ма жоқ па оны білмейміз. Өйткені соғыс болып жатқанын олар бізден жақсы біледі. Әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауап береді. Бірақ елшіліктің міндеті – біздің елдің азаматы хабарласса, міндетті түрде оларға көмектесу. Қазір қанша қазақстандық барын нақты білмейміз. Тек елшілікпен кім байланыста болады, солармен ғана байланыс ұстаймыз. Соғыс болып жатқандықтан кейбір жерде байланыс жоқ«, – деді СІМ ресми өкілі.

СІМ ресми өкілінің сөзінше, Украинадағы эвакуациялық бөлімдердің және отандастарымыздың қандай мекенжайда тұрып жатқаны туралы ақпарат жоқ.  Сондықтан қиыншылықтар туындап жатыр. Смадияров елге қайтуға ниет танытқан қазақстандықтар Польша мен Молдава елдері арқылы жеткізілетінін айтты.

Таяу күндері Қазақстанның Украинадағы елшілігі қазақстандықтарға Украинаның Одесса мен Харьков облыстарынан кетуді ұсынды. Өйткені бұл аймақтардағы жағдай қатты шиеленісіп, қауіпсіз болмай тұр.

«Украинаның Одесса мен Харьков облыстарындағы жағдайдың шиеленісуіне және Қауіпсіздік қатерінің артуына байланысты Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі Қазақстан азаматтарына осы аймақтардан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады», – делінген хабарлама

Айта кетейік, Ресей мен Украина арасында әскери қақтығыс басталған кезде Қазақстан азаматтарды жеті рейспен елге эвакуацияланды. Нәтижесінде 901 қазақстандық Украинадан шығарылды.

Соғыс басталғалы қазақстандықтардың үштен бірінің Ресейге көзқарасы нашарлап, Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін деп қауіптенетіндер екі есе көбейген. Украинадағы жағдай азаматтардың 70,7%-ін алаңдатады. Тек 24%-ына геосаяси жағдай қызық емес. «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» тақырыбындағы кезекті сауалнама нәтижесі осындай.