«Қазақстан даму банкі» өз облигацияларын сатып алу ұсынысын жариялады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
ҚДБ өз облигацияларын сатып алады. Фото: kursiv.media

«Қазақстан даму банкі» өзінің өтелмеген облигацияларын сатып алу жөніндегі ұсынысын жариялады. Банк ұсынысы Қазақстан қор биржасында орналастырылған.

ҚДБ доллардағы облигацияларын 5,75% мөлшерлемесімен сатып алмақ. Өтеу мерзімі – 2025 жыл. Ал теңгедегі облигацияларын 10,75% мөлшерлемемен сатып алмақ. Теңгедегі облигациялардың өтеу мерзімі бірдей.

Ұсыныс 30 сәуірге дейін қолданылады. 15 сәуірге дейінгі ерте сатып алуға сыйақы ұсынылған. Ерте сатқысы келгендерге облигациялардың негізгі құнының әр 1 000 доллар үшін – 30 доллар, әр 250 мың теңге үшін 7500 теңге сыйақы да қарастырылған.

Банк бағалы қағаздарын еурооблигацияларды орналастырудан алынған қаражатты пайдалана отырып, кері сатып алуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның Даму Банкі – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған қаржы институты. Жеке сайтында ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жобаларға инвестициялайтыны жазылған.

Банк бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000 жылғы 28 желтоқсандағы №531 «Қазақстан Даму Банкі туралы» Жарлығы және ел Үкіметінің 2001 жылғы 18 мамырдағы №659 «Қазақстанның Даму Банкі» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» Қаулысына сәйкес құрылған. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» ҰБХ.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі Мәжіліс отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

«ҚДБ негізінен қаржы, өнеркәсіп және құрылыс саласындағы белгілі бір топтың жеке банкіне айналды»,- деп мәлімдеген еді.

2022 жылдың маусымында Қазақстан Даму банкі қаржыландыруға өтініш берген компаниялар кімге тиесілі екенін, соңғы бенефициары кім екенін ашық жариялайтынын мәлімдеді. Бұндай шешімді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қабылдаған. Банктің кредит саясаты жөніндегі меморандумға енгізілетін өзгерістер бекітілген.

Былтыр наурыз айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген мониторинг нәтижесі «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ жекелеген жобаларға басымдық беріп, кейбіріне 100 пайыз несие беріп отырғанын байқатты.

Мысалы, жекелеген жобалар келіп түскен сәттен бастап бекітілген 70 күнтізбелік күннің орнына келісімдер 2-3 тәулік ішінде берілген, ал басқа жобалардың пысықтау мерзімі бұзылып, 300 күннен асып кетіп отырған.

Қазақстанның даму банкі атқарушы орган мүшелеріне 2022 жыл үшін төленген сыйақының мөлшері 251,74 млн теңгені құраған.

Жақында банктің директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Нұрболат Айдапкеловтың орнына Үсен Ғалым тағайындалды. Соңғы бір жарым жылда ҚДБ басшылары бірнеше рет өзгерді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Абай Сарқұловтың орнына Руслан Ысқақов тағайындалды. 2023 жылы Ысқақовтың орнына Нұрлан Байбазаров келді.

Сондай-ақ оқыңыз