Үкімет бизнестің 20 млрд теңгеге дейінгі несиесіне кепілдік беру шарттарын бекітпек

Жарияланды
Шығарушы редактор
Кәсіпкерлер несиесіне мемкепілдік беру шарттары қандай? Фото: kursiv.media

Қазақстан үкіметі кәсіпкерлердің несиесіне мемлекеттік кепілдік беру қағидаларын бекітпек. Ұлттық экономика министрлігі дайындаған қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Құжатқа сәйкес, мемлекет бизнестің 20 млрд теңгеге дейінгі ірі кредитіне 10-20 жылға кепілдік бере алады. Бұл ретте борышкер несиенің 20 пайызын ортақ қаржыландыруға дайын болуы шарт.

Кепілдік – кәсіпкерлерді қаржылық қолдау құралы. Ол инвестициялық жобаларды қаржыландырғанда несие алу мүмкіндігін кеңейтеді. Мемлекет кепілдікті Қазақстан даму банкі арқылы береді.

Мемлекет кепілдігі қалай беріледі?

Құжатта кәсіпкерлерге кепілдік берудің бірнеше тетігі қарастырылған:

  • кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша ҚДБ-ның қолданыстағы кепілдік беру;
  • жеңілдікті шарттарда тәуекелдерді бөлу қағидаттарында ЕДБ пайдасына кәсіпкерлік субъектілеріне банктің кепілдігін беру;
  • бюджет қаражатынан ЕДБ жеңілдікті қорландыруды ұсына отырып, тәуекелдерді бөлу қағидаттарында ЕДБ пайдасына кәсіпкерлік субъектілеріне банктің кепілдігін беру.

«Жобаны қабылдау кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша Екінші деңгейдегі банктерге «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ кепілдіктерін беру арқылы Қазақстан Республикасы экономикасының жалпы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген жоба түсіндірмесінде.

Кәсіпкерлердің несиесіне мемкепілдік берудің 2-тетігін жүзеге асыру нәтижесінде кәсіпкерлер 1,8 мың жаңа жұмыс орнын құрмақ. Осы жобалардан бюджетке 2038 жылға дейін 9,7 трлн теңге түсім, 520 млрд теңге салық түсуі тиіс.

Үшінші тетік бойынша да 1,8 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 2043 жылға қарай жалпы түсім 13,7 трлн теңгеге жетіп, төленетін салық 737 млрд теңгеден асуы керек.

Кепіл алғысы келген кәсіпкерге қандай талап қойылады?

Кепілдік алуға инвестициялық жобаларды іске асыратын резидент-кәсіпкерлер өтініш бере алады. Одан бөлек, түрлі бағдарламалар шеңберінде мемлекеттен қаржылай қолдау алатын кәсіпкерлер де қатыса алады.

Мемкепілдік алу үшін жобаның рентабельділігі және өтелімділігі жоғары болуы шарт. Кепіл берілетін қарыздың кем дегенде 20 пайызын кәсіпкер өз қамтамасыз етуі керек. Кепілдік кепілзатпен толық қамтамасыз етілуі тиіс.

Техникасы мен технологиясы толық, экологиялық талаптарды сақтайтын, несиені төлеу қабілеті жоғары, жұмысшыларының жалақысын көтеріп отыруға мүдделі, топ-менеджменті білікті болуы шарт.

Одан бөлек, инвестжоба бойынша өнім өндірісі өсімінің нақты жоспары болғаны керек. Борышкер қарызына мемкепілдік алар уақытта жүйе құраушы ірі кәсіпорын болмауға тиіс.

Қару жасау, алкоголь өнімін өндіру, есірткі, есірткі және психотроптық заттар, темекі өнімдерін өндіру, тұрғын үй құрылысы, туристің мақсаттағы емес ойын-сауық кешешін салу, геологиялық барлау жұмыстары сатысындағы жобалар, ойын бизнесі саласындағы жобаларға мемлекеттік кепілдік берілмейді.

Қаржыгер Ғалым Құсайынов кәсіпкердері субсидиялау жүйесін ШОБ үшін кепілдік беру институтына алмастыру қажет деген болатын. Сонда кәсіпкерлер көбірек несие алып, рентабельділік нормасын жаба алатын жобалар төңірегінде шоғырлана бастайды. 

Сондай-ақ оқыңыз