Шарлапаев жаңа ипотекалық бағдарламаның қашан басталатынын айтты

Жарияланды
Жаңа ипотекалық бағдарлама 1 мамырда басталады / shutterstock

Үкіметте өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарлама қашан басталатынын айтты.

Министрдің сөзінше, жаңа бағдарлама 2024 жылдың 1 мамырында басталады.

«Осы бағдарламаның мақсаттарын орындау үшін қазір «Отбасы банк» 300 млрд теңге тартуда. Бұл бағдарламаның жалпы мөлшері. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мөлшерлеме 7% аспайды. 1 мамырда бағдарламаның барлық шарттарын толық жариялаймыз», – деді Шарлапаев.

Бұдан бөлек, журналистер «осыған дейінгі жеңілдікпен автонесиелеу сияқты 17 секунд ішінде ақша таусылып қалмай ма» деп сұрады.

«Бұл заттарды мүлдем араластыруға болмайды. «Отбасы банк» ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Ипотеканы бөлу тұрғысынан өз жұмыс жақсы атқарады. «Отбасы Банкінің» жұмысты дұрыс ұйымдастыруға және азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін құзыреті жеткілікті деп санаймын», – деп жауап берді Шарлапаев.

Осыған дейін Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрғын үй бағдарламасы туралы айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болады. Сонымен бірге ол үйлерді алатын әлеуметтік осал топтағы жандар үшін несие мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын болады. 

«Баспана – жұрттың  тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын», – деді президент.

Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сол мақсатта жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

Жаңа бағдарламаға қанша қаражат бөлінеді? Үкімет үйініңхабарлауынша, сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлердің санын 4 есе арттыру үшін бюджеттен қосымша 272 млрд теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банкімен бірлесіп, 300 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беретін жаңа бағдарлама іске қосылады. 

Қанша үй салынады? Биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Бұл бұрынғы жоспарланған жылдық көрсеткіштен 2,5 млн шаршы метрге артық екен.Бұл бағдарлама негізінде бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен қосымша 12 мың мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 

Кімдер қатыса алады? Жаңа бағдарламаға жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елдімекендердің тұрғындары, оның ішінде ақша жинау бойынша міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде тұрғандар қатыса алады.

Сондай-ақ оқыңыз