Қарағанды облысына су тасқынының екінші толқыны келуі мүмкін

Жарияланды
Қарағанды облысына су тасқынының екінші толқыны келуі мүмкін / t.me/KZgovernment

Қарағанды облысына Нұра, Осакаров және Ақтоғай аудандарында ерімеген қар әсерінен су тасқынының екінші толқыны келуі мүмкін.

Өңірге жағдайды бақылау үшін премьер-министрдің орынбасары әрі су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев келген. Оған жергілікті басқарушылар өңірдің екінші толқынды күтіп отырғанын баяндады.

«Жағдай күрделі деп бағалануда: өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып отыр. Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40%-ында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар ерімеген», – делінген Үкімет хабарламасында.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылып жатыр.

Бозымбаев Шет ауданы ауылдарының зардап шеккен тұрғындарымен кездесу барысында су тасқынынан келген барлық шығынды арнайы комиссия бағалап, толық өтелетінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы су тасқыны зардаптарын барынша азайтуды және бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия барлық үйді тексереді. Көмек көрсетіледі, мүлік қалпына келтіріліп, өтеледі. Егер үйлер жарамсыз деп танылса, жаңасы салынады немесе екінші нарықтан басқа баспана сатып алынады»,— деді ол.

Осыған дейін су тасқынынан келген шығынды қайтару үшін Үкімет резервінен қаржы бөлінуі мүмкін екені және зардап шеккендер шығынды қайтару үшін не істеу керек екендігі айтылған.

Шығынды қайтару үшін не істеу керек?

  1. материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.

2. ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастыратын болады.

Медициналық көмек көрсету

Бұдан бөлек, штаб апаттан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету мәселесін де талқылады. Халықты уақытша жинау пунктерінде тәулік бойғы медициналық постардың жұмысы қамтамасыз етілді. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорлары дайындалды. Барлық өңірде санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау және мониторинг күшейтілген.

Су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындары денсаулық сақтау басқармаларының Call-орталықтары бойынша келесі нөмірлерге хабарласа алады:

  • Ақтөбе облысы (+7 (7132) 41 02 13)
  • Қостанай облысы (+7 (7142) 52 40 70)
  • Батыс Қазақстан облысы (+7 (7112) 24 00 06)
  • Қарағанды облысы (+7 (7212) 95 55 59)
  • Абай облысы (+7 (7222) 56 64 50)
  • Ұлытау облысы (+7(7102) 99 95 09)
  • Ақмола облысы (109)
Сондай-ақ оқыңыз