Жаңалықтар

Су тасқыны салдарынан қираған әр үйді қайта салуға қанша қаржы берілетіні белгілі болды

Су тасқыны салдарынан қираған әр үйді қайта салуға қанша қаржы берілетіні белгілі болды / коллаж kursiv.media

Су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөледі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев әкімдіктер өңірлердегі қираған үйлерді санап, жаңадан қанша үй салу керек екендігін есептеп шыққан сәтте зардап шеккендерге көмек беру басталатынын айтты.

«Алдымен жергілікті бюджеттен, жетпеген жағдайда республикалық бюджеттен қаржы бөлеміз. Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.

Оның сөзінше, әкімдіктер су тасқынынан келген зардапты әлі толық есептеп бітпеген. Сондықтан нақты қанша үй салу керек екендігі және оған қанша қаржы бөлінетіні әлі белгісіз.

Қанша үй су тасқыны астында қалды?

Үкімет отырысында баяндама жасаған ТЖ вице-министрі Бауыржан Сыздықов елдегі 5 өңірде, яғни 1405 үй су астында қалғанын мәлімдеген.  372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалып, 9 тұрғын үй қираған.

«55 шайылған автожол учаскелері мен төрт көпірдің (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары бақылауда. 50 елдімекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік. Бұл жерде төтенше жағдай аймақтарында қажетті көмек көрсететін еріктілердің жұмысын атап өткім келді», – деді вице-министр.

Шығынды қайтару үшін не істеу керек?

  • материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
  • ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастыратын болады. 

Осыған дейін Үкіметте су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу тетіктері мен қаржыландыру көздері талқыланған. Қосымша қаржыландыру Үкімет резервінен алынады.

«Залалдың алдын ала мөлшерін ЖАО, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктері айқындайтын болады. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылады», – деді Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабының отырысында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Астана іргесіндегі 3 елдімекенге басу қаупі төніп тұр

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Нұра өзенінен тасқын қаупі төніп тұрғанын баяндады. Осының салдарынан Астана іргесіндегі үш елдімекенді су басуы мүмкін екенін айтты. Министр мәліметінше, Астана су қоймасына 26-30 наурыз аралығында 150 млн текше метр су құйылған. Осылайша су орташа көп жылдық түсімнен едәуір асып түскен.

«Астана су қоймасынан судың төгілуін болдырмау үшін 29 наурызда Есіл өзенінің арнасын жуу үшін төменгі бьефке су жіберілді. Қарағанды облысында орналасқан Самарқанд су қоймасы бүгінгі таңда 100% толған. Ұлытау облысында орналасқан Шерубай–Нұра су қоймалары бүгінгі таңда 96% толған. Самарқанд және Шерубай–Нұра су қоймаларынан тасталған және төмен жағынан қосылатын бүйірлік ағындарын есепдегенде Нұра өзені арқылы Преображенск су торабына шамамен 4 сәуір айына 2500 м3/сек су ағыны күтілуде. Өз кезегінде Қошқарбаев, Қосшы, Тайтөбе елді менкендерін су басу қаупі төніп тұр. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды қамтамасыз ету керек», – деп баяндады министр.