Қостанайда жүк көліктерін заңсыз тіркеу салдарынан мемлекетке 591 млн теңге шығын келген

Жарияланды
Жүк көліктерін заңсыз тіркеу фактілері анықталуда / shutterstock

Қостанай облысында ауыр салмақты жүк көліктерін бастапқы тіркеу төлемінсіз заңсыз есепке қою фактісі анықталды. Қаржы мониторингі агенттігі, Қостанай облысы департаментінің анықтақтауынша салдарынан мемлекетке 591 млн теңге шығын келген.

Қаржы мониторинг агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Қостанай облысы бойынша агенттік департаменті 83 ауыр салмақты көлікті бастапқы кезеңде төлемсіз заңсыз тіркеу фактісі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалған. 

«Республика бойынша басталған ауқымды тексеру аясында Қостанай облысының бірқатар тұрғындары 2020-2023 жылдар аралығында Еуропадан Қазақстан аумағына шет мемлекеттердің шығарылған жылы туралы жалған ақпаратты көрсететiн тіркеу куәліктерін пайдаланып, жүк көлік тіркемелерін әкелгені анықталды. Бұл бастапқы тіркеу төлемін 7 млн теңгеден 700 мыңға дейін төмендетуге мүмкіндік берді», – делінген ҚМА хабарламасында. 

Яғни салық кодексіне сәйкес, шығарылған күні расталған жүк көліктері үшін төленетін сома 2500 АЕК болса, күдіктілер жалған құжат арқылы 350 АЕК төлеген. 

Агенттік хабарлауынша, күдіктілердің тұрғылықты жері мен қызметтік үйлеріне тінту кезінде халықаралық жүкқұжаттар, шот-фактуралар мен кедендік төлемдерді төлеу түбіртектері, көлік құралдарын сатып алу келісімшарттары, декларациялар анықталып, тәркіленді. 

Сот санкциясымен жоғарыда аталған көліктерге, сондай-ақ күдіктілердің 1 млрд теңгеге жуық мүлкіне тыйым салынған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Айта кетейік, Қаржы мониторингі агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен жүк көліктерін заңсыз тіркеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізгенін жазған едік.

«Тергеу барысында қылмыстық топтың Қазақстанға жалған құжаттарды пайдалана отырып есепке қойылған заңсыз 45 жүк көлігі мен тіркеме кіргізілгендігі анықталды, бұл мемлекетке 180 млн теңге сомасына төленбеген кедендік төлемдер, сондай-ақ  205 млн теңге сомасына тіркеу төлемдерін төлемеу түрінде залал келтірді», –делінген ҚМА хабарламасында.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары сотқа жолданды. Агенттік экономикалық контрабанда үшін заңмен жауапкершілік көзделгендігін ескертеді.

Осыған дейін

Қазақстанға жаңа көлік ретінде ескі көліктерді жалған құжатпен тіркеп кіргізген азаматтар бюджетке шамамен 14 млрд теңге шығын келтірген болатын.

Заң бұзушылар елге ескі және қауіпті жүк көліктерін, жалған құжаттар бойынша автобустарды әкелуге тырысып, олардың шығарылған жылын ауыстырады. Тек анықталған фактілер бойынша 2022-2023 жылдары сотқа дейінгі 23 тергеу басталды. Бюджетке келтірілген залал қазір 14,3 млрд теңге. 

Осы қылмыстық фактілерге қатысты мамандандырылған ХҚКО-ның 59 лауазымды тұлғасы мен мемлекеттік органдар қызметкерлері тексеріледі.

Егер автомобиль бес жылдан көп жүрсе, онда елге кірерде 2500 АЕК алым төлеу керек. Ал егер екі жылға толмаса, төлеу сомасы 0,25 АЕК дейін қысқарады.

Сондай-ақ оқыңыз