Қазақстанда мөлшерлемесі 4% жаңа салық режимі іске қосылады

Жарияланды (жаңартылды )
Жаңа Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізіледі? / Фото: shutterstock

Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауап бере отырып, жаңа Салық кодексінде қандай өзгерістер болатынын айтты.

«Салық кодексінің жобасында бірқатар салық режимдері, соның ішінде жаңаларын, атап айтқанда, «Платформаны жұмыспен қамту» және мобильді қосымша арқылы арнайы салық режимі енгізілген», – деді Олжас Бектенов.

Ол жеке кәсіпкерлікпен айналыспайтын қазақстандықтар да «Жұмыспен қамту платформасы» арнайы салық режимін қолдана алатынын атап өтті. Олардың табысы айына 1 миллион теңгеден аспауы керек. Салық мөлшерлемесі 4% деңгейінде жоспарлануда (1% – жеке табыс салығы, 3% – әлеуметтік төлемдер).

Патент жойылады. Өйткені ол мобильді қосымша арқылы арнайы салық режимін қайталайды. Соңғы мөлшерлеме 4% (1% – жеке табыс салығы, 3% – әлеуметтік төлемдер). Бүгінде бұл режимді пайдаланатын кәсіпкерлер жеке табыс салығын 1% және зейнетақы, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандыру жарналарын бөлек төлейді.

Арнайы салық режимі бойынша шаруа қожалықтары үшін 500 теңгеден кем емес қосымша алым енгізіледі.

Бұл режим бойынша жеңілдетілген декларация негізінде кіріс шегі өзгеріссіз қалады. Яғни жылына 177,5 млн теңге. Дегенмен шарттар қайта қаралады. Премьер-министр өз жауабында қайсысының шарттары екенін нақтыламады.

Қазіргі уақытта шағын бизнес үшін арнайы салық режимінің бес түрі бар:

  • патент негізіндегі режим (болашақта жеңілдетілуі мүмкін);
  • жеңілдетілген декларация негізінде;
  • тұрақты шегерімді пайдалану;
  • арнайы мобильді қосымшаны пайдалану;
  • бөлшек сауда салығы.

Сонымен қатар шаруа қожалықтары үшін және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнайы режим әзірленді.

Бұған дейін кодекстің жобасы мамыр айынан кешіктірмей Мәжіліске енгізілетінін хабарлаған едік.

11 наурыз Ұлттық экономика министрлігі Ашық НҚА порталында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің жобасына консультативтік құжатты жария талқыға шығарған еді. Құжатты мұқият зерттеген экономист Ғалымжан Айтқазин оны сынға алды.

ҚҚС мен КТС туралы

Бұл ретте сарапшы экономиканың әртүрлі салаларында ҚҚС (қосылған құн салығы) және КТС (корпоративтік табыс салығы) бойынша сараланған салық мөлшерлемесіне көшуге қатысты ойын ортаға салды.

«Олжас Бектенов Үкіметі өзінің алғашқы қаулысымен түгел дерлік ҚҚС-ны 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді алып тастады. Себебі бұл бағаның көтерілуі ықтималдығына байланысты жалпы наразылық тудырды. Бұл, шын мәнінде, сол кезде оны ұсынған министрліктің аталған салықтың экономикадағы өндіріс пен тұтынуға әсері туралы нақты әсерін дәлелдейтін негіздемесінің болмағанын айғақтайды», – деп атап өтті экономист.

Сарапшы Ұлттық экономика министрлігі әлі де нақты есептеулер ұсынбаған деп есептейді.

«Бюджет үшін негізгі ҚҚС пен КТС-ті саралау ұсынылды. Бірақ үлгілік есептеулер, нақты сандар әлі жоқ. Оның ішінде секторлар бойынша жүктемені талдау жоқ. Көлеңкелі экономика және тарифтердің өзгеруінің макроәсерлері ұсынылмаған», – деп сынға алды Телеграмм желісіндегі TENGENOMIKA арнасының авторы.

Салықтық жеңілдіктерді 20%-ға азайту ұсынылды

Арнайы режимдерді реформалау және салықтық жеңілдіктер кем дегенде 20%-ға азайту қарастырылған. Сарапшының пайымынша, режимдер өзінің табиғаты бойынша да салықтық преференциялардың қайнар көзі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыз