Мәжбүрлі түрде несие рәсімдеткен: ІІМ адам ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады

Жарияланды
адам ұрлау
Адамдарды ұрлап, жалға алған үйде қамауда ұстап келген / Фото: kursiv.media

Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ адамдарды ұрлап, оларға мәжбүрлеп несие рәсімдеумен айналысқан. Бұл жайлы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды ұрлаумен және заңсыз бас бостандығынан айырумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты», –делінген баспасөз хабарламасында.

Қылмыстық топ мүшелері жәбірленушілерді алдап, оларға қайтарымсыз несие рәсімдеткен. Күдіктілер 29 адамды арнайы жалға алынған коттеджде қамауда ұстап келген. Баспасөз қызметінің хабарлауынша оларға келтірілген шығын 200 млн теңгеден асады.

ІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесі мен жинақталған дәлелдемелер жиынтығы бойынша күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, оны басқарып, қатысқаны үшін екі қылмыстық іс қозғалған.

Қылмыстық топтың барлық жеті мүшесі ұсталып, қамаққа алынған. Қазіргі таңда дәлелдемелер тәркіленіп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетсек, 5 қаңтар күні Антикор Астанада адам ұрлаған қылмыстық топты құрықтады. Олар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Күдіктілер азаматты ұрлаумен қатар, есірткі заттарын сақтап және қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп бопсалаған. Сондай-ақ 1,4 млн теңгеден астам мүлкін иемденген.

14 ақпанда ІІМ кеншілерді бопсалап, ҚТЖ-ны тонаумен айналысқан қылмыстық топтың ұсталғанын хабарлады.

Бірінші кезең операциясы желтоқсанда жүргізіліп, Qarmet кеншілерін бопсалаған қылмыстық топ мүшелері ұсталған болатын. Соларды тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық жасау және қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Нәтижесінде жалпы құны 55 миллион теңгеден астам өзге де бопсалау деректері анықталды.

Ал 11 наурызда ҰҚК-нің Бурабайда кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан екі адамды ұстағаны белгілі болды.  

Тергеу материалдарында олардың шетелдік «заңдағы ұрылардың» қарамағында істегені айтылған. Солардың тапсыруымен облыс тұрғындары кәсіпкерлерден ақша бопсалаумен айналысқан. 

Атап айтқанда, «Бурабай» курорт аймағының бизнес субъектілерін өздерінің қылмыстық бақылауына алуға тырысқан. Комитет тінту барысында екі күдіктіден атыс қаруы мен суық қару, сондай-ақ есірткі заттарын алған.

Сондай-ақ оқыңыз