Экология министрі су тасқынына қатысты ескертпелерге мән бермеген өңір әкімдерін сынға алды

Жарияланды
Желтоқсан айының өзінде су тасқынының қаупі бар учаскелер айқындалып, әкімдіктерге ақпарат жіберілген / Фото: kursiv.media

Өңір әкімдері су тасқынының қауіпіне тиісті баға бермеді және уақытылы алдын-алу шараларын қабылдамады. Елдегі жағдайдың ушығуына әкімдерді кінәлаған Экология министрі Ерлан Нысанбаев өңір басшыларына су тасқыны туралы алдын-ала ескертілгенін айтты.

«Желтоқсан айының өзінде өңірлер бөлінісінде су тасқыны қаупі бар учаскелер айқындалды. Желтоқсан, ақпан және наурыз айларының басындағы болжамдарда көрсетілді. Әкімдіктер мен орталық органдарға жолданды. Алайда әкімдіктер болжамға қажетті деңгейде назар аудармады, осы себепті су тасқыны қаупіне тиісті баға берілмеді және уақтылы алдын алу шаралары қабылданбады», – деді министр Үкімет отырысында.

Министр мәлімдегендей, су тасқынының қатері әлі де бар. Қазіргі уақытта  Қазақстанның қар басқан аумағы 27%-ды құрайды.

«Қазақстанның жазық аумағындағы өзендердің барлық бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі азайды. Ең үлкен су тасқындары Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының және Қостанай облысының оңтүстік бөліктерінің өзендерінен өтуде, бірақ су тасқыны қаупі сақталады. Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары және Қостанай облысының солтүстік жартысындағы өзендерде су деңгейінің көтерілуі және қауіпті белгілерден асуы байқалады», – деді Нысанбаев.

«Қазгидромет» су тасқыны туралы 3 ай бұрын ескерткен

«Қазгидромет» атқарушы директоры Данара Әлімбаева да әкімдіктерге 3 ай бұрын ескерту жіберілгенін айтты.

«Су қазір өзінде көтеріліп жатыр, жақын күндері шамамен аптаның соңына қарай қатты көтеріледі деп күтілуде. Желтоқсан айының басында күзгі жауын-шашын өтіп, жерге сіңіп кеткенде, біз жердің сыздану көлемін бақыладық. Мұз қату тереңдігі айтарлықтай жақсы болды. Оның үстіне қыс мезгілінде жауын-шашынның көп түсуіне байланысты олардың еруі де қарқынды болатынын болжадық. Жалпы қыс мезгіліне біз ылғалды топырақпен кірдік. Нәтижесінде мұз қыртысы қалыптасты», – дейді ол.

Осындай гидрологиялық ерекшеліктерді ескере келе әкімдіктерге ескерту жібере бастаған. Ал жағдайдың күрделенетінін біліп, наурыздан бастап, «дабыл» қаға бастаған.

«Желтоқсан айынан бастап су басу қаупі бар аймақтарға ескерту жібердік. Атап айтқанда, Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Қостанай облысы, Қарағанды ​​облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Абай облысында су тасқыны қаупі жоғары болатыны хабарланды. Бұл ескертпелерімізді жергілікті атқарушы органдарға жолдадық. Оның үстіне, наурыз айынан бері біз «дабыл қағып» бастадық. Қазгидромет наурыздан бері 100-ден астам дауылды ескерту жасады», – дейді Әлімбаева.

Синоптиктер әкімдіктерге су көтерілмей тұрып, 3 күн бұрын тағы ескерту жіберген. Бірақ әкімдіктер мамандар болжамына аса мән бермеген. Бұл өз кезегінде алдағы су тасқынының қаупін шынайы бағалауға және дер кезінде алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік бермеген. Дауылды ескерту туралы хабарламалар мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге әлі де жіберіліп жатыр. Өйткені қауіп сейілген жоқ.

Қандай өзендер арнасынан асуы мүмкін?

Әсіресе, өзен-көлдері бар өңірлердегі жағдай күрделі. «Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, алдағы бірнеше күнде кей өңірлерде өзендер арнасынан шығып су жайылуы мүмкін. Мәселен, Қостанай облысында Тобыл мен Желқуар өзендері арнасынан шығып, елдімекендерге жайылу қаупі бар.

«Еріген ағынды сулардың жетуі мен бүйірлік ағындардың келуіне байланысты су деңгейінің одан әрі көтерілуі күтілуде, қауіпті белгіден асып кетуі мүмкін, бұл су деңгейінің жоғарылауына және өзендердің жайылма учаскелерге шығуына әкеледі. Өзен ағысы бойынша төмен орналасқан, сондай-ақ өзеннің жайылмалы учаскелерінде орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстар мен жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады», – делінген хабарламада.

Алдағы күндері Ақмола облысының Есіл, Нұра, Шағалалы өзендері де арнасынан шығуы мүмкін.

«Еріген қар және бүйірлік ағындардың келіп қосылуынан, мұз кептелісі құбылыстарының сақталуына байланысты су деңгейі одан әрі көтерілуі және қауіпті деңгейден асып кетуі күтілуде. Ескертпе: қауіпті деңгейден асқан кезде ауылдың өзінде және ағысы бойынша төмен орналасқан, сондай-ақ өзеннің жайылмалы учаскелерінде орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстар мен жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады»,– деп ескертеді «Қазгидромет».

Төтенше жағдай

Сонымен бірге Әлімбаеваның айтуынша Орал өзені (Жайық маңы) бойында орналасқан елдімекендерді су басу қаупі бар. Соған орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев су тасқынына байланысты тұрғындарға төнген қауіптің ұлғаюына орай өңірде төтенше жағдай жариялады.

«Өңірде сау тасқынына қатысты жағдай күрделеніп отыр. Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бүрлі аудандарында тұрғын үйлерді су басып қалды. 4 мың адам қауіпті аймақтан эвакуцияланды, олардың жартысы балалар. Су тасқынынан зардап шеккендер үшін шұғыл-эвакуациялық пункттер ұйымдастырылды, қажетті жағдай жасалуда»,– деп хабарлады әкімдік.

Ал Қарағанды облысына Нұра, Осакаров және Ақтоғай аудандарында ерімеген қар әсерінен су тасқынының екінші толқыны келуі мүмкін. Өңірге жағдайды бақылау үшін премьер-министрдің орынбасары әрі су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев келді.

Сондай-ақ оқыңыз