Алматыдағы баспананы жалға алу бағасы Еуропа мен БАӘ курорттарының бағасына тең келеді   

Жарияланды
Жылжымайтын мүлік бөлімінің редакторы
Алматыдағы баспананы жалға алу бағасы қанша/shutterstock.com

Алматыда баспананы жалға беру құнының өсу қарқыны баяулаған. Оны numbeo.com мәліметтері көрсетіп отыр. Соңғы жарты жылда жалдамалы пәтерлер бағасы 2,9%-ға ғана өскен. Соған қарамастан, Алматыдағы пәтерді жалға беру құны әлемнің танымал туристік жерлерінің жалға беру құнынан қалыспайды. «Курсив» баспананы жалға беру бағасы Алматымен бірдей немесе одан да төмен әлемнің курорттық және бас қалалары жайлы ақпаратты ұсынады.

Алматының жалға беру нарығы ресейліктердің қоныс аударуы кезіндегі шарықтап кеткен бағадан саябырсыған. Егер 2022 жылдың қазаны мен 2023 жылдың наурызы аралығында оңтүстік астананың орталығында пәтер жалдау 53%-ға күрт өскен болса, 2023 жылдың сәуірі мен қыркүйегі арасында тек 6,1%-ға ғана көтерілген. Ал соңғы алты айда (2023 жылдың қазаны/2024 жылдың наурызы) жалдамалы пәтерлер бағасы мүлде төмендеп, долларлық эквивалентте небәрі 2,9% ғана қосқан.

Дегенмен Алматыда баспананы жалға алу – Итальяның Римини курорты, түріктің Анталья мен Аланьядағы курорттары, грекия аралдары не болмаса Үнді мұхиты жағалауындағы Фуджейра араб әмірлігіне қарағанда әлі де қымбат.

Баспананы жалға беру бағасы түскен

Баспананы жалға берудің көз ілеспес жылдамдықпен өскен уақыты артта қалды. Тек Алматы ғана емес, бір жарым жыл бұрын ресейліктер ағылған жерлердің бәрінде баға біршама түскен. Әлемнің кейбір қалаларында жалдамалы пәтер бағалары мүлде төмендеген. Нәтижесінде осы қалалар мен Алматының арасындағы баға алшақтығы жер мен көктей екені айқын көрінді.

Мәселен, түріктердің Анталья қаласында жалдамалы пәтер бағасы 2022 жылдың наурызы мен 2023 жылдың наурызы аралығында тіпті аспандап 78%-ға өсіп кеткен болса, кейінгі жарты жылда жалға беру 7,7%-ға ғана қымбаттаған. Ал 2024 жылдың сәуіріне қарай баспана бағасы 13%-ға төмендеген. Қазір Алматының орталығынан пәтер жалдағанша, түріктің танымалы курортындағы баспананы жалға алу арзанырақ. Антальяның жайлы аудандарынан айына 668 долларға пәтер жалдауға болса, Алматыда 767 долларға жалдайсың. Антальяда жалға алу бағасының төмендеуіне сейсмикалық жағдайы да себеп болды. Ал сейсмикалық белсенділігі төмен Аланьяда баспананы жалға алу бағасы айтарлықтай болмаса да, өскен (+1,7%). Бүгінгі таңда Аланьядағы жалдау бағасы Алматыға қарағанда төмен, 745 доллар.   

Таиланд астанасы Бангкокта 2022-2023 жылдар аралығындағы алты айда жалға алу 25%-ға қымбаттаған болса, одан кейінгі жарты жылда тек 5,4%-ға өскен. Содан кейін баспана бағасы арзандап, 2023 жылдың қазан айынан бастап 2024 жылдың наурызы аралығында тропикалық елдің бас қаласындағы жалдамалы пәтер бағасы 39%-ға түскен.  numbeo.com мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінгі таңда тай елінде пәтерді Алматыға қарағанда екі есе арзан бағаға жалдауға болады екен. Яғни Бангкокта баспана жалдау 417 доллар болса, біздің Алматыда 767 доллар. Қазақстандық туристер арасында танымал Таиландтың таңғажайып Пхукет аралында туристер көп келетін кездің өзінде баспананы Алматыдағы бағадан 1,5 есе арзанға жалдауға болады. Айына бар болғаны 515 доллар ғана.

Ресейліктер жаппай жақын маңдағы елдерге ауғанда Батумиде пәтер жалдау бағасы шарықтау шегіне жетіп, 33%-ға қымбаттаған. Артынша алты айда баға 4,7%-ға төмендеп, 2024 жылдың сәуірінде тағы 10,2%-ға түскен. Қазір Қара теңіздің грузиялық жағалауында пәтер жалдау бағасы Алматымен салыстырғанда (767 доллар) 43%-ға арзан (538 доллар). Ал Грузия астанасы Тбилисидегі баға (764 доллар) Алматыдағы бағамен бірдей деуге болады.

Еуропада пәтер жалдау арзан

Еуропада жалдамалы баспана бағасы өсіп жатыр. Алайда Алматының орталығынан пәтер жалдауды қалтаңыз көтеретін болса, онда Испанияға қорықпай-ақ бара беруге болады. Коста-Бланканың астанасы Аликантта жалдамалы пәтерді тап Алматыдағыдай бағаға табасың. Испания курортында тұру бағасы айына 862 доллар. Алматыға қарағанда 95 долларға қымбатырақ.

Францияның провинцияларындағы жалдау бағасымен Алматыны салыстырар болсақ, айырмашылық болмашы ғана 60 доллар.

Тап Алматыдағы бағаға Итальяның Неопаль қаласында пәтер жалдап тұруға (771 доллар) болады. Ал Римини курортындағы жалдамалы пәтер тіпті Алматыдан арзандау, айына 756 доллар. 

Айына 691 доллар төлеп Диоклетиан рим сарайы қирандылары жанындағы Сплит курортында (Хорватия) көркем лагуналар ортасында тұра аласыз. Ал бұл соңғы жарты жылда мұндағы пәтерлер 21 пайызға қымбаттағандағы баға.

Грек аралдарында жалға берілетін баспана бұдан да арзан. Корфуда үйді айына 597,5 долларға жалға алуға болады. Родоста аппартаменттердің орташа бағасы 544 долларды құрайды. Ал Миной өркениетінің отаны Критеде 251,5 долларға өмір сүре аласыз. Бұл жердегі баспаның жалдау құны Алматыдан үш есе арзан.

Экзотиканы қаласаңыз осман, неміс және кеңес заманы сәулетіне бай Албания астанасы Тиранның тұрғын үй орамдарынан жалға алатын пәтер іздесеңіз болады. Мұндағы пәтерлер Алматының орталығына қарағанда үштен бір есе арзан (айына 543доллар). Болгарияның София қаласында баспананы жалға алу бағасы да осы шамалас (айына 535 доллар). Ал Варна курортында пәтер жалдау Алматыдан екі есе арзан (айына 428 доллар).

Ресейдің еуропалық бөлігіндегі ең танымал қалалардың көпшілігінде баспана бағасы Алматыға қарағанда арзан. Алматының жалға алу бағасымен тек Мәскеу ғана бәсекелесе алады. Ресей астанасының орталығындағы тұрғын үйді, numbeo.com сайтының мәліметінше, айына 838 долларға жалға алуға болады, бұл Қазақстанның ең ірі мегаполисіндегі бағадан тек 70,5 долларға артық. Санкт-Петербургтің орталығында бір бөлмелі пәтерді айына 505 долларға жалдауға болады. Алматыдағыдан үштен бір есе арзан. Ал Сочи курорттық қаласында пәтерлер одан да арзан – айына 495 доллар.

Тұмса табиғат ортасында тұру бағасы

Жайқалған жасыл желек пен таудың ортасында орналасқан қардай аппақ аз қабатты үйлер мен Маскаттың (Оман) кең даңғылдары шығыс ертегісіндегі суреттерге ұқсайды. Дамып келе жатқан сұлтанаттағы жалға алу бағасы Таяу Шығыс елдері үшін «ертегідей». Астананың орталығында айына 650,5 доллар және одан шеткері жерлерде 429 доллар. Бұл Алматының қақ ортасындағы жалдау бағасынан 15–20 %-ға төмен. Ал егер Оманның халқы ең көп екінші қаласы Салалада қалсаңыз, баға Алматыдағыдан 2,5 есе арзанға түседі (айына 308,5 доллар). Бұл ретте Үнді мұхитының жағасындағы қала тұрғын үй бағасымен ғана емес, әдемі жағажайларымен, сарқырамаларымен де көз тойдырады.

Тіпті тез өсіп келе жатқан БАӘ-де Алматы бағасы шамасында өмір сүруге болатын әмірліктер бар. Мысалы, Рас әл-Хайма курорттық әмірлігінің астанасында тұрғын үйді жалдау бағасы айына 779 доллар тұрады. Алматыдан арзанырақ жалға берілетін тұрғын үй ең жас әмірліктің астанасы Фуджейрада (айына 653 доллар).

Индонезиялық Бали аралында серферлердің Меккесінде жалға берілетін тұрғын үй құны да осындай. Үнді және Тынық мұхиттары түйіскен, аппақ жағажайлар жанындағы аппартаменттер айына 665 доллар тұрады. Индонезияның басқа қалаларында тұрғын үйді жалға алу айтарлықтай арзанырақ. Мысалы, 10 миллионнан астам халқы бар Индонезияның бас қаласы Джакартада жалдамалы тұрғын үйдің орташа құны 437 долларды құрайды, бұл Алматыдағыдан екі есеге арзан.

Тунисте немесе Үндістанда одан да төмен бағаға жалдайтын пәтер таба аласыз. Мысалы, Гоадағы пәтерлер орташа есеппен айына 294 доллар тұрады. Егер жастардың сауық-сайран құратын кештерінен гөрі хош иісті майлары бар аюрведа массажын ұнатсаңыз, онда тропикалық Кочинде (Керала облысы) үйді айына бар болғаны 214 долларға жалға алып тұра аласыз.

Мұхит асып кетуге де болады

Жалға алудан үнемдеу есебінен тіпті мұхит асып кетуге болады. Бағасы тиімді баспананы Аргентина, Чили, Бразилия мен Перу мегаполистерінен де табасыз.

Мысалы, Перу астанасы Лимада орталығында заманауи биік ғимараттар арасынан пирамидалар мен IV ғасырдың ғимараттарын, XVII ғасырдағы катакомбаларды көруге болады. Сонымен қатар пәтер жалдау бағасы да арзан, айына 533 долларға ғана. Ал Перудегі көлемі бойынша екінші орында тұрған Арекип қаласына баратын болсаңыз, дамылдап жатқан жанартаулардың көрінісін тамашалап, айына 239 долларға пәтер жалдап тұрасыз. Бұл баға Алматыдан үш есе төмен. Алматыдан Перуге жетуге бір тәуліктен артық уақыт кететіні, баспананы жалға алу бағасының арзандығынан өтеліп кетеді.

Алматы сияқты ұшар басы қар жамылған таулары бар Чили астанасы Сантьягода баспананы жалға алу дәл Лимадағыдай айына 513 доллар.

Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес және карнавалдар отаны саналатын Бразилия астанасы Рио-де-Жанейро дамыған инфрақұрылым арқасында мобильді өмір сүретіндер арасында жоғары беделге ие. Бұл жерлердегі өмір Алматыдан гөрі  40%-ға арзан. Бұл мегополистердің орталығында пәтер жалдау ақысы айына 460-468 доллар. Ал шуы көп үлкен қала өмірінен қашсаңыз, Аргентинаның Кордова қаласын таңдауға болады. Бұл жердегі жалдамалы баспана бағасы Алматыдан үш есе арзан, айына 277 доллар.

Сондай-ақ оқыңыз