Тоқаев: Мәскеудегі оқиға лаңкестердің зорлық-зомбылықтың ең қатігез тәсілдерін қолданатынын көрсетті

Жарияланды
шос
Тоқаев ШЫҰ елдерін терроризмге қарсы саяси ерік-жігер көрсетуге шақырды / Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерін терроризммен бірігіп күресіп, саяси ерік-жігер көрсетуге шақырды.

Ақорда ақпаратына сүйенсек, Тоқаев ШЫҰ мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесуде алдағы уақытта Астанада өтетін ұйымға мүше елдер басшыларының кеңесінде терроризмге қарсы әрекеттердің бөлек қаралатынын мәлімдеді.

«Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін бөлек қарастырамыз. Әрине, мұнда біз саяси ерік-жігер көрсетуге тиіспіз. Солайша бірге екенімізді танытып, ең бастысы, тиімді әрекет етуіміз керек. Қазақстан бұл игі іске өзінің елеулі үлесін қосады. Бұған сенімді болыңыздар. Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін алдағы саммитіне зор үміт артамын», – деді Тоқаев.

Ол өткен жылы әлемде өңірлік және жергілікті деңгейде 183 қақтығыс орын алып, жанжалдардың саны шамамен 30 пайызға артқанын айтты. Оның сөзінше, көптеген бейбіт тұрғынның өмірін жалмаған Мәскеу облысындағы қайғылы оқиға лаңкестердің зорлық-зомбылықтың ең қатігез әрі зұлым тәсілдерін қолданатынын көрсетті.

«Қазақстан лаңкестік әрекетті қатаң айыптайтынын бірден мәлімдеді және Ресеймен бірге екенін білдірді. Екі елдің арнаулы қызметтері терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұдайы байланыста. Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті бүкіл әлем, соның ішінде бүгін өздеріңіз өкілі ретінде келіп отырған елдер де қатаң айыптады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі кінәлілердің бәрін жауапқа тарту қажет екенін, сондай-ақ терроризммен күрес мәселесінде халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ең бастысы, болған істен дұрыс қорытынды шығарып, нақты шаралар қабылдау керек. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, террорлық қауіп-қатерлерге лайықты төтеп беруге тиіспіз», – деді ол.

Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы кезінде өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Үш зұлым күшке» бірігіп қарсы тұру мақсатында құрылғанын еске салды. Ол терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау керек. Сонымен қатар Президент ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы 2024-2029 жылдарға арналған стратегиясын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын қабылдау маңызды екеніне тоқталды.

«ШЫҰ – жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасы негіздерінің бірі. Сондықтан біздің Ұйым өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін өзара келісілген әрі нақты қадамдардың үлгісін көрсетуге тиіс», – деді ол.

Бұдан бөлек, президент Ауғанстан аумағы халықаралық лаңкестік топтардың ұясына айналмауы үшін бұл елдегі ахуалға ерекше назар аударып, елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алуға және ұзақмерзімді тұрақтылықтың сақталуына жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды жалғастыру маңызды деп санайды.

«Өкінішке қарай, әлемдегі жағдай жақын арада жақсара қоймайтын сияқты. Елдеріміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін сын-қатер әлі де бар десек, артық айтқандық емес. Бұл мемлекеттеріміздің Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірігуі қажет екенін көрсетеді. Сол арқылы сырттан келетін барлық қауіпті тойтаруға және жоюға бағытталған бірлескен күш-жігер мен нақты шаралар қабылдаймыз. Сондықтан біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне бұрын да, қазір де баса назар аударамыз», – деді Тоқаев.

Жиынға Ресей, Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан, Иран, Моңғолия, Беларусь елдерінің өкілдері қатысқан.

22 наурызда кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында атыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырған.

Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі Мәскеудегі терактіден кейін қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты.

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников Владимир Путинге «Крокус Сити Холл» концерт залындағы шабуылға байланысты 11 адамның ұсталғаны туралы хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз