Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі жиналып қалған пиязды өткізу қамына кірісті

АШМ жиналып қалған пиязды өткізу қамына кірісті / Архив: kursiv.media

3 ай бойы пияз экспортына тыйым салған Ауыл шаруашылығы министрлігі жиналып қалған пиязды сату мәселесін шешуге кірісті.

Министрліктің хабарлауынша, пияздың әлемдік нарығы құбылып тұрады. Ол өнімді өсіруге маманданған негізгі елдердегі өндіріс көлемі мен сұранысына байланысты. Мысалы, Орталық Азия елдеріндегі қыстағы аяз бен Пәкістандағы табиғи апатқа байланысты 2022 жылғы қазаннан 2023 жылғы шілдеге дейін пияз бағасы күрт өсті. Бір келісі 245 теңгеге жетті. Осыған байланысты Қазақстан 2023 жылы пияз экспорты бойынша үш айлық шектеулер енгізуге мәжбүр болған.

«2022/2023 жылдардағы маусымда қалыптасқан пияздың жоғарғы сұранысын ескере отырып, көптеген елдер егіс алаңын едәуір кеңейтті. Нәтижесінде осы маусымда әлемдік нарықта ұсыныстың ұлғаюына және бағаның төмендеуіне алып келді. Салдарынан сыртқы нарықтардан қазақстандық пияздарға сұраныстың төмендеуіне ықпал етті. Сонымен қатар қордың едәуір көлемінің жинақталуына алып келді», – деп хабарлайды АШМ.

Енді жиналып, өтпей қалған пияз қорын АШМ әкімдіктермен және ӘКК-мен бірлесіп ішкі нарықты толықтыру үшін өңірлерге жеткізбекші. Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігі «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп 23 мың тонна көлемінде пияз жеткізу үшін келісімшарт жасасу және жөнелту бойынша жұмыстар жүргізуде. Өнім Әзірбайжан, Грузия, Сербия, Чехия, Тәжікстан және Ауғанстанға тасымалданбақ.

Бүгінгі күні АШТӨ қоймаларында 130 мың тонна сатылмаған өнім қалған. Оның 114 мың тоннасы Жамбыл облысына және 16 мың тоннасы Алматы облысына тиесілі.
АШМ хабарлауынша пиязды сатудағы проблемалар экспорт кезіндегі логистикалық қиындықтармен де байланысты болған. Маусымның қызған шағында экспорттаушылар «рұқсат» деп аталатын кіру карталарын ала алмады.

Өз көлігі бар фермерлер мен саудагерлер тек зауыттар мен ресми дистрибьюторлар беретін «көліктегі экологиялық қауіпсіздік класын» растауы керек болды. Бұл талаптар ағымдағы жылдың ақпан айында ғана алынып тасталды.

Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі және Көлік министрлігі пияз экспорттаушылар үшін барлық рұқсат беру рәсімдерін жеделдетілген түрде қамтамасыз етпекші.

АШМ дерегінше 2023 жылы пияз экспорты Ресей – 40%, Өзбекстан – 31%, Пәкістан – 13% және Ауғанстан, Түрікменстан және Грузия үлесіне шамамен 10% өндірілген.

Айта кетейік, бұған дейін АШМ 2024 жылы пияз егістігін қысқарту туралы айтқанын хабарлаған едік.