Санкцияға байланысты Қырғызстан «Мир» төлем жүйесінің жұмысын тоқтатады

Жарияланды
Мир
Қырғызстанда «Мир» төлем карталары 5 сәуірден бастап жұмыс істемейді / Фото: kursiv.media

Қырғызстанда 5 сәуірден бастап ресейлік «Мир» төлем карталары жұмысын тоқтатады. Бұл жайлы Қырғызстанның «Елкарт» төлем жүйесінің операторы хабарлаған.

АҚШ қазынашылығы «Мир» төлем жүйесінің операторына қарсы санкция салғаны себепті «Елкарт» операторы санкциялар тәуекелін азайту мақсатында осындай шешімге келген.

«Қайталама санкциялардың тәуекелін барынша азайту мақсатында «Елкарт» Банкаралық процессингтік орталығы ұлттық төлем жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылдың 5 сәуірінен бастап «НСПК» АҚ-мен қарым-қатынастың тоқтауына байланысты оның инфрақұрылымындағы «Мир» банк карталарына қызмет көрсетуді тоқтататыны туралы хабарлайды», – делінген хабарламада.

Солайша 5 сәуірден бастап «Мир» карталарының Қырқызстандағы тұтынушылары қолма-қол ақшасыз төлемдер жасау, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, аударым жасау қызметтерін жүзеге асыра алмайды.

Өз кезегінде ресейлік «Мир» төлемжүйесінің операторы өз тарапынан «Мир» төлем жүйесіне ешқандай шектеулер қоймағанын хабарлаған.

«Шетелдік банктер мен төлем жүйелері қайталама санциялардың тәуекелін ескере отырып, өз инфрақұрылымында «Мир» карталарын қабылдау-қабылдамауды дербес шешеді», – деп мәлімдеген компания.

Тағы қандай елдер бұл төлем жүйесінен бас тартты?

Еске сала кетсек, 30 наурыздан бастап, Армения ресейлік «Мир» төлем жүйесімен жұмыс істеуді тоқтатты.

Ол елде ВТБ банкінің еншілес ұйымдары ғана бұл жүйе бойынша жұмысын тоқтатпайды. ВТБ банк «Мир» төлем жүйесінің карталарымен банкоматтардан қолма-қол ақша алу, онлайн-банкингтегі қызметтерге ақы төлеу, онлайн сатып алулар сынды негізгі қызметтердің жұмысы қолжетімді болатынын хабарлады.

Айта кетсек, «Мир» төлем жүйесінен біртіндеп Қазақстан банктері де бас тартып жатыр. Мәселен, бірнеше күн бұрын Bereke bank «МИР» төлем жүйесінің карталарымен операциялар тоқтатылатынын хабарлады. Банктің хабарлауынша, Bereke Bank-тің POS терминалдарында енді ресейлік «МИР» төлем жүйесіне тиесілі карталарға қызмет көрсетілмейді. Банк бұл төлем жүйесімен жұмыс істеуді 17 наурыз күні тоқтатты.

Ал оның алдында Freedom Finance банкі де «МИР» төлем жүйесімен операция жүргізбейтінін хабарлаған.

«Freedom Banker-ден МИР картасынан немесе кері аударымдар енді қолжетімсіз. Сол үшін телефон арқылы немесе Цифра Банк арқылы төлем жүргізуіңізге болады», – деп мәлімдеді Freedom Finance.

23 ақпанда АҚШ Ресей Федерациясының Орталық банкіне тиесілі «Мир» операторы саналатын Ұлттық төлем карталар жүйесіне қарсы санкциялар енгізді.

«Ресей Қырымды тартып алған соң, көп ұзамай іске қосылған «Мир» жүйесі «санкцияларды айналып өту және халықаралық қаржы жүйесімен үзілген байланыстарды қалпына келтіру үшін пайдаланылып келді», – деп хабарлады АҚШ-тың Қаржы министрлігі.

Ресейдің Ұлттық төлем карталар жүйесі бұл санкциялардың ел ішіндегі төлем қызметтеріне еш әсер етпейтінін мәлімдеген. Алайда олай болмай шықты.

Былтыр Қазақстанда ресейлік «Мир» төлем жүйесінің пластикалық карталарына сұраныс артты. Осыған байланысты Қазақстандағы ВТБ банк ресейлік төлем жүйесінің пластикалық картасын шығара бастады. Банк «Мир» цифрлық төлем жүйесін 2022 жылы желтоқсан айында қосқан.    

Сондай-ақ оқыңыз