Су тасқынынан зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен 26 млрд теңге қарастырылған, жетпесе үкімет резервінен бөлеміз – Қаржы министрі

Жарияланды
Шығын негізінен жергілікті бюджеттен өтеледі / Фото: Аскар Ахметуллин

Зардап шеккен өңірлерге жергілікті бюджеттен 26 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат жетпесе, үкімет резервінен ақша бөлінуі мүмкін. Бұл жайлы Мәжілістен кейін өткен брифингте Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.

«Зардап шеккендерге көмек көрсетуге ақша қайдан бөлінеді? Үкімет резервінен бе? Әлде жергілікті бюджетте қарастырлаған ба? Қарастырылса, қанша қаражат бөлуді жоспарлап отырсыздар?», – деп сұрады журналист.

Қаржы министрі мұндай жағдайларға қаражаттың жергілікті бюджеттен қарастырылатынын айтты.

«Өтемақы қаражаты жергілікті бюджетте пысықталады. Төтенше жағдайларға жергілікті резервтен 26 млрд теңге қарастырылған. Ол жетпесе бізде үкіметтің резерві бар. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр. Сол шығын қорытындысы шыққан соң, өтемақыға қажетті қаражаты бөлеміз», – деді министр.

Сонымен бірге журналистер Мәди Тәкиевтен төтенше жағдайларға деп бөлінген 7 млрд теңге жөнінде де сұрады.

«Ол ақпаратты қарау керек. Олар мүмкін жергілікті бюджет пен өз бюджетін шатастырып отырған шығар. Бірақ бізде жергілікті бюджетен жыл сайын төтенше жағдайларға деп алдын-ала қаражат қарастырылады. Мысалы, былтыр осындай жағдайларға 20 млрд теңге ақша салынып қойған болатын. Одан басқа Төтенше жағдайлардың бөлек резерві бар», – деді министр.

Журналистер халыққа берілетін өтемақының нақты сомасын сұрады. Министр шығын көлемі есептелмейінше, төленетін өтемақы көлемі жайлы айта алмайтынын жеткізді.

«Бірнеше жыл бұрынғы статистикаға үңілсек, су басқан өңірлерді қалпына келтіруге 15 млрд теңге жұмсалған. Бұл қаражат мал шығынан және баспана салу үшін жұмсалған. Естеріңізде болса, Түркістан облысын су басып кетті. Міне сол кезде халыққа барлық өтемақы толық мөлшерде төленді», – деді министр.

Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлетінін айтты. Министр әкімдіктер өңірлердегі қираған үйлерді санап, жаңадан қанша үй салу керек екендігін есептеп шыққан сәтте зардап шеккендерге көмек беру басталатынын жеткізді.

«Алдымен жергілікті бюджеттен, жетпеген жағдайда республикалық бюджеттен қаржы бөлеміз. Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқынынан мал басы шығын болған тұрғындарға өтемақы жергілікті бюджеттен төленетінін мәлімдеді. Ал су басқан аймақтан алып шыққан мал басына азық жетіспеген жағдайда «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастырады.

Сондай-ақ оқыңыз