ОПЕК+ JMMC қатысушы елдер өз міндеттемелерін жоғары деңгейде орындады деп санайды

Жарияланды (жаңартылды )
ОПЕК+ мониторинг комитетінің отырысы өтті / Архив: kursiv.media

Бүгін ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (JMMC) 53-отырысы өтті. Бұл жөнінде Энергетика министрлігі хабарлады.

Бұл отырыста биылғы қаңтар және ақпан айларында ұйым құрамындағы елдердің өз міндеттемелерін орындау жайы пысықталды. Комитет Ирак Республикасы мен Қазақстан Республикасының міндеттемелерді толығымен сақтау және артық өндірісті өтеу ниетін қолдау білдірді. Сонымен қатар Ресей Федерациясының 2024 жылдың екінші тоқсанында экспорт емес, өндіріс есебінен ерікті түрде қысқарту туралы өтінішін мақұлдады. ОПЕК+ бұрын қабылданған шешімдердің орындалуына мониторинг жүргізбек және негізгі бағытты айқындау үшін  нарықтық жағдайды барлап отырмақ. Келесі JMMC отырысын өткізу (54-ші) 2024 жылдың 1 маусымына жоспарланған.

Айта кетейік, 2023 жылдың қараша айында ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (JMMC) 51-ші отырысы өтті. Сонда ҚР Энергетика министрлігі 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2024 жылғы наурыз айының соңына дейін ОПЕК+ қатысушы елдермен бірлесіп тәулігіне мұнай өндіруді 82 мың баррельге қосымша ерікті қысқарту туралы шешім қабылдағанын хабарлаған еді. Былтырғы сәуір айында басталған ерікті қысқарту 2024 жылдың соңына дейін жалғаспақ. Комитет қосымша ерікті қысқарту мұнай нарығының тұрақтылығы мен тепе-теңдігін сақтауға бағытталды деп түсіндірді.

Сол кезде Батыс сарапшылары мұнай бағасының төмендеуіне АҚШ-тағы мұнай өндірісінің ұлғаюы себеп екенін айтқан. Ресейлік сарапшылар қолдан төмендетіліп отыр деген уәжді алға тартты. Қазақстан 2024 жылы 90,3 миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Биылғы ақпан айында Қазақстан 1,59 миллион баррель өндірген. Дегенмен Энергетика министрлігі ОПЕК+ келісім аясында мұнай өндіруді күніне 82 мың баррельге қысқартатынын хабарлады. Маусым айының соңына дейін 1,468 баррель шикізат өндірмек.

Сондай-ақ оқыңыз