Антикор спорт министрлігін әлемдік аренада Қазақстанның рейтингі түсіп жатқаны үшін сынға алды

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Туризм және спорт министрлігіне сыбайлас жемқорлық қатерін жоюды ұсынды. Агенттік төрағасы А. Жұмағали спорт министрлігінің өз міндеттемесін жеткілікті дәрежеде орындамайтынын айтып сынады. Осының салдарынан әлемдік спорт аренасында Қазақстанның рейтингі төмендеуде.

Жүзеге аспаған жоба

Антикор бұл бағытта кейбір проблемаларды атады. Мәселен, екі жыл бұрын жоспарланған Е-sport ақпараттық  жүйесі әлі күнге іске қосылмаған. Бұл жоба несімен ерекшеленеді? Е-sport цифрлық тұғырманасының кейбір артықшылықтары көрсетілген. Яки спорт саласын цифрландыру көптеген сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмауға септеседі. Агенттік кейінгі жылдары «Спорт шебері» атағын талапқа сай бермеу деректерін анықтаған. Е-sport – бірыңғай спорттық жіктелім, командалар құрамы, бапкерлер мен төрешілердің тұтас электронды базасы ретінде жасақталуы тиіс еді. Цифрлық тұғырнама негізінен үш бағытты қамтиды. Біріншіден, спорт күнтізбесінде іс-шаралар толық топтастырылады. Екіншіден, спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілердің құжаты электронды айналымға енгізіледі. Үшіншіден, спорт нысандары мен секциялар туралы ақпарат ұсынылады. Бірақ бұл жоба әлі күнге тежеліп тұр.

39 жемқорлық қылмысы тіркелді

Жыл басынан бері 39 жемқорлық қылмысы есепке алынған. Бұл жөнінде ведмствоаралық мәжілісте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа іс-қимыл агенттігінің төрағасы А. Жұмағали хабарлады. Қазіргі уақытта спорт  – қомақты қаражат талап етілетін сала. Кейінгі алты жылда оған арналған бюджет екі есе ұлғайып, спортты дамытуға 1,4 трлн теңге тартылды. Соған қарамастан Қазақстанның дүниежүзілік спорт жарыстарында нақты нәтиже көрсете қоймады. Агенттік жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спортқа жұмсалатын қаражат мөлшері әділдік қағидасына сүйенбейді деп санайды. Ал дамыған елдер бұқаралық спортты жандандыруға көбірек көңіл бөледі.

Министрлік цифрлық жүйені жандандыруы тиіс

Спорт  саласындағы аты шулы істер туралы ақпар жиі жарияланып тұрады. Агенттік төрағасы спорт саласының цифрландырылуының қолға алынбауы көлеңкелі процестердің көбеюіне ықпал ететінін алға тартты. Мемлекет басшысы  бюджет қаражатын үнемдеу қажет екенін жиі айтады. Бірақ кейінгі үш жылда футбол кәсіподақ клубтары 30 млрд теңгеден астам үстемақы төлеген. Оған қоса қомақты қаражат шетелдік легионерлерді тартуға жұмсалатыны ешкімге жасырын емес. Отандық спортты дамыту көңілден шықпайтынын айтқан сарапшылар министрлікті жиі сынайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жауапты министрлікке жең ұшынан жалғасқан әрекетке тыйым салу үшін бірыңғай цифрлық платформа құруды, дискрециялық өкілеттіктерді қысқартуды, бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз