Жаңалықтар

Су тасқыны: Депутаттар шаруалардың несиесін 3 жылға дейін шегеруді ұсынды

Су тасқынына зардап шеккен шаруалардың несиесі кешіріле ме? / коллаж kursiv.media

Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен шаруалардың ауыл шаруашылығы мақсатында алған несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеруді ұсынды. Төменгі палата депутаттарының атынан премьер-министрге сауал жолдаған Мақсат Толықбай елдегі су тасқыны бойынша қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты бірнеше ұсыныс жолдады.  

 Депутат тасқын салдарынан еліміздің тең жартысы су астында қалғанын мәлімдеп,  Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кеткенін айтты. Және бұл жағдайға «жылда қайталанатын әдетке айналды» деп баға берді.

«Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса төтеп береміз» делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ. Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты су басқан өңірлерге барып, мән-жайға тікелей қанықтық. Тұрғындармен кездесіп, нақты ахуалмен таныстық. Алдағы уақытта да аталған өңірлерге тағы да барып, жағдайды бақылауда ұстаймыз. Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдарымен ғана күресіп келеміз», – деді депутат Мақсат Толықбай.

Депутат қарғын су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдердің барын мысалға алды. Ал еліміздегі кейбір аудандарда дайын тұруға тиіс қайық пен резеңке етіктің өзі атымен жоқ. ТЖМ нормативі орындалмағанын, әкімдік пен министрліктердің арасында байланыс жоғын атап өтті.

«Екіншіден, су саласында білікті маман тапшы. Бір ғана болжаммен ешнәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік. Яғни ғалымдарға жағдай жасалмай, ешнәрсе түзелмейді деген сөз. Біз кеше Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайттық», – деді ол.

Депутат былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы топан су шайып өткен бірнеше үйге «AMANAT» партиясы құрылыс материалдарын апарып, баспана салдырғанын еске салды.

«Өкініштісі, сол үйлер тағы да суға кетті. Себебі, Қобдадағы құрылысы басталған дамбаны жергілікті прокуратура жобалық құжаттамасынан кінәрат тауып тоқтатып тастаған. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы су басқан Құмсай ауылында мұнай компаниясы шлюзді бітеп тастап, тасыған су ауылға қарай бұрылып кеткен. Өйткені, шлюз әдейі жабылғандай көрінді. Бұл мәселені жіті бақылауға алу қажет. Дәл осындай жағдай басқа өңірлерде де болуы ықтимал»,-деп ескертті мәжілісмен.

Мақсат Толықбай комиссияның шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кететінін еске салды. Ал осы кезде малмен жан бағып отырғандар төрт-түлігін тастап қайда барады деп сауал жолдады. Мәжілісмен су басқан елді мекен тұрғындарына қатысты тағы бір мәселеге тоқталды.

«Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек»,-деп толықтырды ол.

Депутаттар не ұсынды?

Осы айтылғандарды ескере келіп, мәжіліс депутаттары үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады:

  • Қазақстандағы барлық өзен жағасындағы ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;
  • Ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;
  • Өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;
  • Гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу;
  • Биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауыл шаруашылық несиесін төлеуді 3 жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру.
  • Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар несие бойынша борышын кейін төлей алады

Тасқыннан зардап шеккендер несие қарызын кейін төлей алады

Айта кетейік, Қазақстандық банктер су тасқынынан зардап шеккен борышкерлердің несие төлеу мерзімін кейінге шегереді. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы хабарлады.

«Қазақстанның екінші деңгейлі банктері Үкіметтің су тасқыны кезеңінің зардаптарын жоюға және табиғи төтенше жағдайлардан зардап шеккен халық пен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған шұғыл шараларын қолдайды», – деп хабарлады Қауымдастық.

Өз тарапынан банктер келесі қолдау іс-шараларын көрсетуге дайын екендіктерін растады:

–        2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі мерзімге жергілікті атқарушы органдардың тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккен қарыз алушылардың несиені өтеу мерзімін ұзарту;

–        2024 жылғы 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде су тасқынының теріс әсерінен қаржылық жағдайы нашарлаған қарыз алушылардың төлемдерін уақтылы өтемегені үшін өсімпұлдар есептелмейді;

–        Су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі тоқтап қалға жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелік міндеттемелерін орындау кейінге қалдырылады.

Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әр банк жеке анықтайды

«Төлемді кейінге шегерудің нақты тетiктерiн әрбiр екiншi деңгейдегi банк дербес айқындайды. Оның ішінде банкке тиiстi өтiнiштер беру және форс-мажорлық мән-жайлардың туындауын растайтын құжаттарды ұсыну бар. Осы тетіктердің сипаттамасы және қарыз алушыларға қажетті барлық қадамдар жақын арада банктердің ресми сайттарында жарияланады», – деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Еске сала кетсек, Үкіметте су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу тетіктері мен қаржыландыру көздері талқылады. Қосымша қаржыландыру Үкімет резервінен алынады.