Жаңалықтар

Жыл басынан бері Ұлттық қордан 1,4 трлн теңге жұмсалған

Ұлттық қордан 1,4 трлн теңге алынған
Фото: kursiv.media

Жыл басынан бері Ұлттық қордан 1,4 трлн теңге жұмсалған. Қаржы министрлігінің «Ұлттық қорының түсімдері және оны пайдалану туралы» есебінде қазіргі кезде қорда 28,8 трлн теңге жинақталғаны жазылған.

Соның ішінде 1 трлн теңгесі – Қазақстан бюджетіне кепілдендірілген трансферт. 411 миллиард теңгесі нысаналы трансферт және 1,6 млрд теңгесі қорды басқаруға жұмсалған шығынды құраған.

«Ұлтық қордан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға сәйкес, биыл қордан республикалық бюджетке 2 трл теңге трансфет қарастырылған. Яғни ел үкіметі үш айдың ішінде кепілдендірілген трансферттің жартысынан астамын алып үлгерген. Ал нысаналы трансферт көлемі 2024 жылға 1,6 трлн теңге деп бекітілген.

Жыл басында қорда 29,1 трлн теңге жиналса, соңғы есепте қордағы қаржы 28,8 трлн теңге деп көрсетілген. Нәтижесінде үш айда 280 млрд теңгеге азайған. Оның үстіне наурыз айында ғана Ұлттық қордан 400 млрд теңге алынса, 200 млрд теңге түскен.

2024 жылдың үш айында Ұлттық қорға 1,17 трлн теңгедей түсім түскен. Оның ішінде – мұнай секторы ұйымдарынан алынатын тікелей салық (жергілікті бюджеттердің есебіне жатқызылатын салықты қоспағанда) 1,16 трлн теңгені құраған. Қалғанын республикалық меншікті жекешелендіруден (137 млн теңге), ұлттық компаниялар мен холдингтерді бәсекелес ортаға беруден (47 млн теңге), ауыл шаруашылығы учаскелерін сатудан түсетін түсімдер (10 млн теңге) құраған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Ұлттық қорға жармаса беруді доғару керек деген болатын. Президент бұл туралы осыған дейін де талай рет айтқанын еске салды.

«Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажет жағдайда, дағдарыс кезеңінде пайдалануымыз керек», – деді Президент.

2030 жылға қарай қорда 100 миллиард АҚШ долларын жинақтау мақсаты қойылған.

Алайда Үкімет жыл сайын бюджеттің жыртығын жамауға қордан қаражат алуын қоймай келеді. Сарапшылардың бағалауынша, кейінгі 7 жылда қор қаржысы 22 пайызға азайған.

Ел үкіметі былтыр Ұлттық қордан кепілдендірілген және нысаналы трансферттерден бөлек, 1,3 трлн теңгеге жуық қаржы шығарып алғаны белгілі.