«Самұрық-Қазына» жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алуға 272 млрд теңге бөледі

Жарияланды (жаңартылды )
Жекешелендіру құқығымен
Жекешелендіру құқығымен жалға берілетін үйлердің аумағы 80 шаршы метр көлемінде бекітілген / Фото: kursiv.media

Жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу үшін «Самұрық–Қазына» әл-ауқат қоры «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамына 272 млрд теңге бөлуді көздеп отыр. Бұл жайлы «Ашық» НҚА порталына орналастырылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құжатында жазылған.

«Компания ЖАО үшін жалпы сомасы 272 000 000 000 теңгеден аспайтын облигациялық қарыздар берсін», делінген құжатта.

Яғни «Самұрық–Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамына 272 млрд теңгеден аспайтын сомаға облигациялық қарыз береді. Құжатқа сәйкес бұл қаражатқа кемінде 17 300 отбасы  тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.

Тұрғын үй кімдерге беріледі?

Тұрғын үйлер негізінен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және басқа облыстардан алынады. Бұл үйлерді жергілікті атқарушы органдарда (ЖАО ) кезекте тұрған отбасылар алады.

Кезекте тұрғандарға жалға берілетін тұрғын үй беру шарттары мен тәртібі қолданыстағы заңнамамен айқындалады. Жекешелендіру құқығымен ЖАО сатып алған тұрғын үй «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның талаптарына сәйкес кезектілік тәртібімен тұрғын үйдің әлеуметтік осал санаттарынан кезекте тұрғандарға жалға берілуі тиіс.

Осыған орай жергілікті атқаругы органдарға заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару бойынша қажетті іс-шаралар жүргізу тапсырылған.

ЖАО-ға қарыз қандай шарттармен беріледі?

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қаржыландыру көлемін және нысаналы индикаторларды ЖАО өтінімдері негізінде айқындайды.

ЖАО ай сайын айдың 10-ы күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға және Компанияға қаражаттың пайдаланылуы туралы ақпарат беріп отырады. Бөлінген қаражат үнемделген жағдайда ЖАО уәкілетті органның келісімі бойынша осы қаражатты тұрғын үйдің қосымша көлемін сатып алуға пайдалана алады.

Кредит 10 жыл мерзімге, жылдық 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. Егер ЖАО негізгі борышты және облигациялық қарыз бойынша сыйақыны толық өтей алмаса, «Қор»Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кредиттік желісін тиісті мерзімге ұзартады.

«Кредит желісі сомасы шеңберінде кредит беру компанияның бастамасы бойынша ішінара және толық мерзімінен бұрын өтеу құқығымен компаниядан өтінімдер негізінде транштармен жүзеге асырылады. Ақшалай қаражат операторы болып «Қазпошта» АҚ белгіленсін», – делінген құжатта.

Қандай үйлер сатып алынады?

Сатып алынатын үйлерге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы талаптар қояды. Бұл талаптарға сәйес тұрғын үйлер сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сай келуі тиіс. Ал жайлылық санаты 4-тен төмен болмауы керек. Баспананың максималды ауданы  – 80 шаршы метр болып бекітілген. Рұқсат етілген ауытқуы 5%-дан аспайды.

Ал егер рұқсат етілген ауытқудан асатын алаңдары бар тұрғын үй сатып алуға кететін шығындарды жергілікті бюджет өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.

Сонымен қатар әкімдіктердің бастапқы нарықта, сондай-ақ көп қабатты тұрғын үйлерді қайта реконструкциялау шеңберінде пайдалануға берілген, жеке кәсіпкерлер салған 2 жылдан кешіктірмей пайдалануға берілген тұрғын үйлерді сатып алуына рұқсат берілген. 

Сондай-ақ оқыңыз