Конго Демократиялық Республикасы 40%-ы Қазақстанға тиесілі Eurasian Resources Group компаниясының 9 қосалқы мердігерінің жұмысын уақытша тоқтатты.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, Конго үкіметі алғаш рет тыйым салу туралы 14 наурызда айтқан. Оның себебін мердігер компаниялар Конго заңдарын сақтамады деп түсіндірген. 2 сәуірде ERG өкілдерімен кездескеннен кейін де Конго үкіметі санкциялардың әлі де күшінде екенін айтқан.
«ERG конголық акционерлері бар нақты компанияларды тағайындауы керек», – деді жеке секторды реттеу органының директоры Мигель Кашал Катемб.
Конго әлемдегі кобальттың төрттен үш бөлігін өндіреді. Әлемдегі ең ірі екінші мыс өндіруші ел. Осы әрекеті арқылы Үкімет халықаралық компаниялар өндіретін маңызды ресурстардан түсетін ішкі пайданы арттырғысы келеді.
Конгодағы Gecamines мемлекеттік тау-кен компаниясы ERG-дің кейбір активтерін иемдену ойы бар. Осы іске әсер ету үшін Үкімет қоршаған ортаға зиян келтірді деген айыппен компанияның мыс жобаларының бірінде жұмысты тоқтатқан. Әзірге ел билігі ERG-ге жаңа компанияларды тарту үшін уақытша мерзім беруге мүдделі.
«ERG Africa жұмыс істейтін елдердегі барлық қолданыстағы заңдар мен ережелерді, соның ішінде жергілікті құқықтық және нормативтік талаптарды сақтап келеді. Сондай-ақ өз серіктестерімізге де осындай талап қоямыз», – дейді компания өкілі.
Компания елдегі шығындардың едәуір бөлігі конголық тасымалдаушыларға тиесілі екенін атап өтті. Жұмыстың жергілікті заңдарға сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін реттеушілермен келіссөздер жүргізетінін айтты.
Ел билігі шығарған соңғы шешім ERG-дің әлемдегі кобальттың 4 ірі көзі болған Metalkol компаниясының 2023 жылы 100 000 тоннадан астам мыс өндірген Frontier кенішіндегі жобасына қатысы бар.
Реттеуші орган 2023 жылы Metalkol қосалқы мердігерлерге шамамен 180 млн доллар төлесе, 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 250 млн долларға дейін өскен.
2017 жылы қабылданған заңнамаға сәйкес, қосалқы мердігерлер нарығында Конго азаматтары бақылайтын кәсіпорындар болуға тиіс.
ERG-дің 60%-ы Александр Машкевич, Патох Шодиев және марқұм Алиджан Ибрагимовтың мұрагерлеріне, қалған 40%-ы Қазақстан үкіметіне тиесілі. Қазақстанда ERG активтеріне «Қазхром», «Қазақстан алюминийі», ССГПО, «Қазақстан электролиз зауыты», Еуро-Азия энергетикалық корпорациясы, «Шұбаркөл көмір» және Transcom кіреді.
29 наурызда ресейлік «Магнитогорск темір-металлургиялық комбинаты»Eurasian Resources тобына кіретін қазақстандық TransCom компаниясына 124 вагонды ұстап қалғаны үшін айыппұл ретінде 244 миллион рубль (1,2 миллиард теңге) төлейтін болған. Мұндай шешімді Челябі облысының арбитраждық соты шығарды.