Халықты су тасқынынан құтқаруға келген түркістандық құтқарушы СҚО-да қайтыс болды

Жарияланды (жаңартылды )
Халықты су тасқынынан құтқаруға келген түркістандық құтқарушы қайтыс болды / shutterstock

1 сәуірде СҚО-ға халықты су тасқынынан құтқаруға келген азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Қуанышұлы Балданов 2 сәуірге қараған түні ауруханада қайтыс болды.

Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сүйенсек, 1978 жылы дүниеге келген құтқарушы Бекжан Балданов ауруханада жүрек талмасынан қайтыс болған. 

«2024 жылы 2 сәуірге қараған түні Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының Тайынша қаласындағы аудандық аурухананың реанимация бөлімінде Түркістан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Сайран ауданының нөмірі 6-өрт сөндіру бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Қуанышұлы Балданов қайтыс болды», – делінген хабарламада.

Бекжан Балданов Тайынша ауданына 1 сәуірде Түркістан облысының құтқару күштері тобының құрамында су тасқынына қарсы көмек көрсету үшін келген. Сол күні кешке өзін нашар сезінгенін айтып ауруханаға түскен. Санитарлық авиация өкілдері оны Петропавлдағы ауруханаға жеткізуге дайындалған.

«Төтенше жағдайлар министрлігі, Төтенше жағдайлар департаменті және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі командирдің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына, әріптестеріне көңіл айтады», – делінген хабарламада. 

Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша ауданының орталығы, Теңдік, Донецкое және Летовочное ауылдарында су тасқынына дайындық жүріп жатыр. Бұл жайлы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов хабарлады

«Қазір бұл ауданда жағдай күрделі. Қар көлемі әлі де көп және тез еруде. Үлкен сумен күрес үшін қаптар мен инертті материалдар дайындалып, нығайту жұмыстары жүргізілуде», – дейді әкім.

Айта кетейік, Қаржы министрі Мәди Тәкиев су тасқынынан зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен 26 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Министр бұл қаражат жетпесе, көмек үкімет резервінен берілетінін жеткізді. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлетінін айтты. Министр әкімдіктер өңірлердегі қираған үйлерді санап, жаңадан қанша үй салу керек екендігін есептеп шыққан сәтте зардап шеккендерге көмек беру басталатынын жеткізді.

«Алдымен жергілікті бюджеттен, жетпеген жағдайда республикалық бюджеттен қаржы бөлеміз. Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқынынан мал басы шығын болған тұрғындарға өтемақы жергілікті бюджеттен төленетінін мәлімдеді. Ал су басқан аймақтан алып шыққан мал басына азық жетіспеген жағдайда «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастырады.  

Сондай-ақ оқыңыз