20 жыл талқыланған Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы 8 млрд долларға бағаланды

Жарияланды
20 жыл талқыланған Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы 8 млрд долларға бағаланды / shutterstock

20 жыл бойы талқылауда болған Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолының құрылысы 8 млрд долларға бағаланды. Бұл туралы агроөнеркәсіптік форумда үкімет басшысы Ақылбек Жапаров айтты.

24kg басылымының ақпаратына сүйенсек, бұл алдын-ала бекітілген сома. Қырғызстан, Қытай және Өзбекстан теміржол құрылысын бастауға дайындық жұмыстарын аяқтаған. Барлық процедуралар аяқталып, құрылыс жұмыстары биыл басталады деп күтілуде. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр.

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу жобасы бойынша үш ел арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге 2022 жылдың қыркүйегінде Самарқандта қол қойылған. 2023 жылдың желтоқсанында ҚХР мамандары жаңа теміржол бағытында жерді тегістеу жұмыстарын аяқтаған.

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы

20 жылдан астам талқыланған жоба Қытай мен Өзбекстанның теміржол желілерін Қырғызстан арқылы, содан кейін Түрікменстан, Иран және Түркия арқылы Еуропаға қосуы керек. Ұзындығы 454 шақырым болатын бағыт Қытай Қашқарынан Торугарт, Нарын және Жалал-Абад арқылы өзбек шекарасына дейін өтеді.

Осыған дейін жобаның құны – 11,34 млрд доллар болады деген болжам болған. Қырғызстанның бұл магистралды қаржыландырудың өзіндік көздері болмағандықтан, құрылыс ҚХР ақшасына жүргізіледі деп болжануда.

«Жоба дайын, бірақ Бейжің, Бішкек және Ташкент ақша, дәлірек айтқанда, қаржыландыру үлесі туралы әлі келісе алмайды. Бұл ұзаққа созылуы мүмкін. Қырғызстан мен Өзбекстанның жобаны қаржыландыруға ақшасы жоқ. ҚХР бәрін өзі салуы мүмкін еді, бірақ теміржол басым бағыт емес. Ол Еуропаға тауарларды жеткізуге арналмаған, өйткені онда Транссібір магистралі мен Достық (Қазақстан) — Орынбор — Брест бағыты бойынша жылына 600 мың тоннаға жуық тасымалдау көлемі бар пойыздар жүріп жатыр», — деп атап өтті трансевразиялық тасымалдау жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесінің Бас хатшысы Геннадий Бессонов.

Оның айтуынша, қазір Орталық Азияның барлық республикаларында көлік жобалары белсенді талқылануда, барлығы жүк хабы болғысы келеді, бірақ бәрі ақшаға байланысты.

Үкіметаралық келісімдердің шарттары бойынша құрылысты China National Machinery Import & Export Corporation жүргізуге тиіс. Алдын ала бағалаулар бойынша, Қырғызстан өз аумағы арқылы тауарлар транзитінен жыл сайын шамамен 200 миллион алады.

Сондай-ақ оқыңыз