Қазақстан ірі инвесторлардың өтінімдерін қарау уақытын төрт есе қысқартпақ

Жарияланды (жаңартылды )
Инвесторлардың өтінімдері жылдам қаралуы мүмкін / Фото: shutterstock

Қазақстан ірі инвесторлардың өтінімдерін қарау уақытын төрт есе қысқартпақ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында белгілі болды.

Талқылау шеңберінде инвестициялық жобаларды «Жасыл дәліз» тетігіне енгізу критерийлері қаралды. Аталған критерийлер ашықтықты арттыруға және инвесторлардың атқарушы билік органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған.

Жиын барысында Инвестициялар туралы келісімнің тетігін жақсартуға ерекше назар аударылды.

«Ұсынылған тетік өтінімдерді қарау уақытын 12 айдан 3 айға дейін қысқартуға және рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған, бұл инвестициялар саласында неғұрлым тиімді жұмыс істеуге ықпал етеді», – деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар автожол құрылысы саласына инвестиция тарту мәселесі қаралды. Жалпы инвестициялық масштабта бекітілген шаралар отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады және оларды ірі автожол жобаларын іске асыруға тартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ отырыста қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Бұл инвестиция тарту үшін перспективалы салалардың бірі болып саналады. Отырыс шеңберінде фармацевтика және қатты тұрмыстық қалдықтар саласындағы жекелеген инвестициялық жобалардың проблемалық мәселелері көтерілді.

Өңірлік деңгейде Қарағанды облысы әкімдігінің инвестиция тарту жөніндегі қызметі қаралды. Өңірде 12 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 50 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды.

Еске сала кетсек, Қазақстан экономикасының тірегіне айналған ірі компаниялардың барлығында Қытайдың үлесі бар.

Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясының үштен екісі немесе 25,2 миллиард доллар – энергетика саласындағы жобаларға жұмсалған. Қытайлық инвесторлар Қазақстандағы химия өнеркәсібі, мұнай өңдеудеге қатысты жобаларға 4,4 миллиард доллардан астам қаражат жұмсаған.

Келешекте Қытай инвестицияларының Қазақстан экономикасына ықпалы қалай жүзеге асатынына қатысты болжамдар айтыла бастады. «Синопсис» атты Қытай және Орталық Азияны зерттеу орталығы Руслан Ізімов Қазақстанның уран секторындағы Қытай үлесінің тез өсуіне назар аударады. Мұндай Қытайға және қытайлық инвестицияларға үлкен тәуелділік белгілі бір тәуекелдерді тудыруы мүмкін екенін айтады.

Жақында PaperLab зерттеу орталығы «Қытайдың Қазақстандағы қатысуы қалай қабылданады: басқарушылық, әлеуметтік, және экологиялық өлшемдерді талдау» атты зерттеуін аяқтағанын жазғанбыз. Оның негізгі мақсаты — жергілікті қауымдастықтардың Қытай жөніндегі пікірі ҚХР-ның компаниялары және инвестицияларымен тікелей қарым-қатынасқа түскен кезде қалай өзгере алатынын анықтау.

Сондай-ақ оқыңыз