Қазақстанда қант бағасының өсімі 2022 жылдың тамыз айындағы деңгейге жетті

Жарияланды (жаңартылды )
Турецкая компания построит сахарный завод в Чуйской долине
Соңғы екі аптада қант бағасы қымбаттады / Архив: kursiv.media

26 наурыз бен 2 сәуір аралығында қант 1,4%-ға қымбаттады. Соңғы рет мұндай өсім 2022 жылдың тамыз айының басында тіркелген болатын. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро сарапшылары хабарлады.

Жалпы 2022 жылы аталған өнім бағасы шарықтап кеткен еді. Елде тапшылық болып, бұның бәрі елдегі инфляцияға ықпал етті. Көктемде Ресей 6 айға қант экспортына тыйым салды. Ресей импортына тәуелді Қазақстанда баға бірден өсті.

«Қазір әлем бойынша қант бағасының өсуі байқалады, ал біздің елде ол тұрақты. Кейбір өңірлерде бір килограмм үшін қант бағасы 400 теңгеден бастап 500 теңгеге дейін барады. Бұл импортқа байланысты. Құрақ қантының құны дайын қант сияқты биржада анықталады, сондықтан бәрі биржалық бағаларға байланысты», – деген еді сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Жалпы құмшекер 7 апта қатарынан қымбаттап келеді. Орташа өсім – 0,7%. Бұған дейін ол шамамен 70 апта бойы арзандаған еді.

«Соңғы кездері ресейлік қантты Қазақстанға экспорттауға ешқандай тыйым салынған жоқ. Осыған сүйене отырып, бағаның көтерілуінің қазіргі себептері жергілікті өндірістің төмендеуімен байланысты болуы мүмкін», – деп топшылады сарапшылар.

Қазақстанда қант өндірісі 2020 жылдан бері ең төменгі деңгейге жетті

Ақпан айында шекер, шикі және тазартылған патока өндірісінің көлемі 5,4 мың тоннаны құрады. Бұл қаңтар айымен салыстырғанда 46%-ға және бір жыл бұрынғыдан 78%-ға аз. Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, мұның бәрі 2020 жылдың тамызынан бергі ең төменгі көрсеткіш.

«Соңғы екі айдағы көлем, яғни 15,5 мың тонна – 2020 жылдан бері ең төмен көрсеткіш. 2023 жылдың соңында өндіріс бір жылмен салыстырғанда 19%-ға төмендеп, 278,1 мың тоннаны құрады», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Дегенмен бұл үрдіс бағаның өсуіне әкелген жоқ. Мысалы, шекер 2023 жылдың қарашасынан бастап ай сайын арзандап келеді. Ақпан айында баға бір жылмен салыстырғанда 14,2%-ға төмендеді. Бірақ бір жыл бұрын аталған өнім қымбаттағанын естен шығармаған абзал.

«Біздің қант нарығының айтарлықтай үлесін қазір импорт алып жатқанын айта кетейік. Оның көлемі өз өнімдеріміздің көлемінен де көп. Мәселен, 2023 жылы тазартылған қант пен сахарозаның салыстырмалы санатында өндіріс 219,8 мың тоннаны құрады. Ал импорт 303 мың тоннаға жетті», – деп хабарлады Бірінші кредиттік бюро.

Мәселен, Қазақстан халқының жыл сайынғы қажеттілігі 500 мың тонна шамасында. Оның 150 мың тоннасын өндірістік кәсіпорындар пайдаланады. Қалған 350 мың тоннасын тұрғындар тұтынады. Осы көлемнің жартысы – импортқа тисілі. 2023 жылы елге 290 мың тонна қант импортталды. Оның 200 мың тоннасы, яғни 70%-ы Ресейден әкелінді. Қалғаны Беларусь, Бразилия, Мексикадан жеткізілген.

Жетісудағы қант дауы

Бұған дейін, Жетісу облысының шаруалары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдаған. Оларды еліміздегі қант шаруашылығының тағдыры алаңдайды. Фермерлердің айтуынша, зауыттар монополияланған. Жетісу облысының фермерлері «Көксу зауыты» қызылшаны шаруалардан өте арзанға сатып алатынын жеткізді. Ал нарыққа қымбатқа шығарады. Зауыт қойған баға фермерлер үшін тиімсіз.

Сондай-ақ оқыңыз