Өрт қауіпсіздігі ережелері электр энергиясын бақылаусыз тұтынбау туралы тармақпен толықтырылады. Құтқарушылар қазақстандықтардан желіге қосылған тұрақты ток тұтынуды қажет етпейтін жабдықты тастап кетпеуді ұсынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, соңғы кездері дәл осындай себептерден өрттер жиілеп кеткен.
Ашық НҚА порталында «Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжат жарияланды.
«Токты тұрақты тұтынуды талап етпейтін электр жабдығын электр желісіне қосылған күйде бақылаусыз қалдыруға жол берілмейді», – деп жазылған құжатта.
Айта кететіні, қолданыстағы ережелерге пәтерлер, жеке тұрғын үйлер және тұрғын бөлмелерде: балкондар мен лоджияларда тез тұтанатын, жанғыш сұйықтықтарды, жарылғыш заттарды, газ баллондарын сақтауға болмайтыны жазылған. Сонымен қатар төсекте темекі шегуге, балкондардан, лоджиялардан және терезелерден темекi тұқылын лақтыруға тыйым салынған. Бұған қоса тұтанған темекіні қалдыруға болмайды. Ал электр энергиясына қатысты тұрақты ток тұтынуды қажет етпейтін құрылғылар туралы бөлім қосылмақ. Ведомствоның мәліметінше, өрттің жиілеп кеткеніне мұның әсері бар.
Сондай-ақ енді ережелерге көліктерді кіреберіс жолдар мен ғимараттардың кіреберістеріне қоюға тыйым салатын тармақ қосылады. Енді көліктерді, тіркемелерді тұраққа қоюға және кіре беріс жолдарға уақытша құрылымдар орнатуға болмайды. Олар өрт сөндірушілердің өтуіне және адамдарды құтқару үшін арнайы техникалық құрылғыларды орнатуға кедергі келтіруі мүмкін.
Құжат 18 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Бұған дейін ТЖ Министрі Шыңғыс Әрінов соңғы уақытта елдегі өрттер туралы жиі хабарлау олардың санының нақты өсуімен байланысты емес екенін айтты. Оның айтуынша, ведомствоның баспасөз қызметі құтқарушылардың жұмысына байланысты барлық оқиға туралы әлеуметтік желілерде хабарлай бастады.
«Мен алдымен өрттің көбеймегенін түсіндіргім келеді. Сіздер байқағандарыңыздай бәрі біздің ашықтыққа көшуіміздің нәтижесі. Біз 24/7 Telegram арнасында төтенше жағдайға байланысты барлық оқиғаны жариялаймыз. Ал біздің баспасөз қызметінің өкілдері дағдарыстық жағдайларды басқару орталығында тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондықтан сіз қазір сенімді ақпаратты бірінші алуға мүмкіндігіңіз бар. Сол себепті телеграм-арналарға, БАҚ-қа жіберілгендіктен, осындай сезім пайда болады», – деп жауап берді Әрінов Үкіметтегі брифингте.