Румындық Gândul интернет-басылымы Rompetrol мұнай компаниясы қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хатын жариялады.
Rompetrol: жемқорлық схемалары мен кадрлық дау
Онда Rompetrol қызметкерлері KMG International басшылығын біліксіз және сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп айыптайды. Ашық хат Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек Премьер-Министр Олжас Бектеновке, Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиевке, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповқа және ҚМГ Басқарма төрағасы Мақсұт Мирзағалиевке жолданды.
«Қазақстандық «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі румыниялық Rompetrol мұнай компаниясының қызметкерлері Қазақстан президенті мен билігінің назарын ұйымдағы көптеген мәселеге аударғысы келеді», – деп жазды Gândul.
Басылмның дерегінше, компания басшылық құрамын түбегейлі өзгертуді және Жаңа Қазақстанның мақсаттарына сай көзқарасы бар директорлар кеңесінен бастап, атқарушы менеджментке дейінгі барлық деңгейде жаңа адамдарды тартуды талап етеді.
Ашық хатта Rompetrol қызметкерлері ұйымның басшылығына да көңілі толмайтынын жазған.
Ілияс Құлжановқа қатысты сын көп
«Хат авторлары Ілияс Құлжановты өте қабілетсіз адам деп атайды. Олардың айтуынша, Rompetrol-да жаңа топ-менеджерлер шығу тегі мен туыстық байланысына қарай нақты құзыреттілік ескерілмей тағайындалады. Ал тәжірибелі мамандар жұмыстан кетуге мәжбүр. Осыған байланысты румындық компанияның нысандарында апаттар мен жарылыстар болды», – деп келтірді мақала авторлары.
Бұл ретте басылым дерегінше, Румыния мен Қазақстан үшін стратегиялық маңызды компанияда қаржылық ресурстарды иемдену үшін сыбайлас жемқорлық схемалары барлық деңгейде қолданылады.
«2023 жылдың қаржылық нәтижелері компанияның банкротқа ұшырағанын анық көрсетеді»,– деп жазылған ашық хатта.
Компания қызметкерлері көмек сұрады
Rompetrol қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевтан компанияны сақтап қалу үшін шара қолдануды сұрап, Румыния билігіне де осындай өтініш жіберілетінін хабарлады.
Gândul журналистері бұған дейін Ілияс Құлжановты Ресей азаматтығы бар деп тікелей айыптаған. «KMG International басшысы Еуропалық Одақ тарапынан ықтимал санкцияларды болдырмау үшін Ресеймен байланысын жасырып отыр. Сондай-ақ олар Новороссийскідегі КҚК терминалы арқылы Румынияға жеткізілетін қазақ мұнайы теориялық тұрғыдан ресейлік болуы мүмкін», – дегенді алға тартты тілшілер.
Шығын мен операциялық активтердің құнсыздануы
Еске сала кетсек, KMG International компаниясының румыниялық еншілес ұйымы Rompetrol Rafinare 2023 жылы 270 миллион доллар шығынға батты. Бұл туралы компания таратқан баспасөз хабарламасында жазылған.
Rompetrol саудамен, мұнай өңдеумен және мұнай өнімдерінің маркетингімен айналысады. Компания 2007 жылы KMG International («Қазмұнайгазға» тиесілі) негізгі брендіне айналды. KMG International иелігінде Румынияның екі ірі мұнай өңдеу зауыттары – Petromidia және Vega бар. Сондай-ақ полимерлер өндірілетін мұнай-химия кешені жұмыс істейді. Сонымен қатар компания Молдова, Болгария және Грузияда 1100-ден астам сауда желілерін басқарады.
Компанияның 2023 жылғы жалпы айналым қаражаты 5,3 млрд долларды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 19%-ға аз. Операциялық пайда (EBITDA) 201 млн доллар, ал таза нәтиже теріс (-270,5 млн доллар). Бұл шығынның 82%-ы (-223 миллион доллар) операциялық активтердің құнсыздануына байланысты болды.