Dash, Zcash және Monero: бағасы жариялануы тиіс криптовалюталар тізімінде аноним токендер жүр

Жарияланды
Шығарушы редактор
Құны жарияланатын криптовалюталар тізімі белгілі болды. Фото: shutterstock.com

Қаржы министрлігі Bitcoin бастаған 11 криптовалютаның құнын анықтау мен жариялау қағидасын бекітті. Бұл цифрлық активтердің құнын анықтауда CoinMarketCup ресурсында жарияланған баға негізге алынады. Мәселен, қазір бұл ресурста Bitcoin 67 мың доллардан саудаланып жатыр. Наурызда оның құны 70 мың доллардан асқан.

CoinMarketCup – нақты уақыты режимінде цифрлық активтердің құны, цифрлық активтерді капитализациялау туралы нарықтық деректер және цифрлық активтерді өткізу көлемі жарияланатын крипто-сайт.

Цифрлық активтердің құнын белілеуде Мемлекеттік кірістер комитеті күн сайын CoinMarketCup-тегі сауда-саттық нәтижесінде орташа белгіленген құнын негізге алады. Демалыс күндері алдындағы жұмыс күні айқындалған құны қолданылады.

Егер криптовалюта құны басқа валютада болса, ол теңгеге қайта есептелінеді.

«Комитет Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңымен бекітілген тәртіппен интернет-желісі бар жеке және заңды тұлғамен цифрлық активтердің құны туралы мәліметтерді интернет-желісінде жариялауға салықтық әкімшілендіру үшін ақпараттық сервиске қолжетімділікті ұсыну бойынша қызмет көрсету туралы мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі – шарт) жасайды»,–делінген бұйрықта.

Комитет өз порталында Шарт жасаған тұлға туралы ақпарат пен оның сайтына сілтеме жариялап отырады.

Құны жариялануға жататын цифрлық активтер тізбесіне қазіргі кезде 11 криптовалюта енген. Дегенмен Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық майнинг пулының өтініші негізінде толықтырып отырады.

Цифрлық активтердің атыҚысқаша атыCoinMarketCup-тағы бағасы
1BitcoinBTC$67,058.40 
2BitcoinCashBCH$690.13  
3DashDASH$35.95  
4DogecoinDoge$0.1743  
5EthereumClassicETC$33.50 
6HorrizenZEN$12.71 
7LitecoinLTC$99.06  
8MoneroXMR$130.12 
9SiacoinSC$0.009312 
10ThronixTRX$0.1187 
11ZcashZEC$27.30
Криптовалюталардың 05.04.2024 сағат 13:10-дегі бағасы

Алайда тізімге енген Dash, Zcash және Monero – аноним токендер қатарына жатады. Аноним токендер қаржы жылыстату мен терроризмді қаржыландыруда көптеп қолданылатын айтылады. Кейбір елдердің биржалары мұндай токендермен сауда-саттықты тоқтатқан.

Құжатқа цифрлық майнингтік пул деген ұғым енген. Цифрлық майнингтік пул – заңды тұлға. Ол цифрлық майнерлердің цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенінің қуаттарын біріктіру қызметін ұсынады.

Қазақстанда «Цифрлық активтер» туралы заң 2023 жылы қабылданған. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген бірқатар жағдайларды қоспағанда, Қазақстан аумағында криптовалюта шығару және айналысқа тыйым салынады. Крипто биржалары тек АХҚО жеке юрисдикциясындағы лицензия бойынша арнайы құқықтық режимде жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз